АЛМАТЫ, 14 маусым - Sputnik. Алматыда әйелді полиция көлігі қағып кетті, ол оқиға орнында көз жұмды. Қазіргі кезде тергеу жүріп жатыр.
Алматы полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, жол апаты бүгін таңғы сағат 7:00-де Алатау ауданында болған.
"Т. есімді полиция қызметкері Hyundai Elantra маркалы қызметтік көлікпен Өтемісұлы көшесімен оңтүстікке қарай жүріп келе жатқан. Бір мезетте алдындағы көлік күтпеген маневр жасай бастайды. Полицей онымен соқтығысып қалмау үшін кілт бұрылып, жол жиегіне шығып кеткен. Сол жерде жаяу келе жатқан әйелді қағып кетті. Сосын "Газель" көлігіне соғылды", - дейді департамент мамандары.
Жол апатынан зардап шеккен жаяу жүргінші жедел жәрдем келгенше оқиға орнында қайтыс болды.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 345-бабы, 3-тармағы (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы абайсызда адам өліміне әкеп соғуы) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Полицейдің кінәсі дәлелденсе, бес жылға дейін бас бостандығынан айырылады.