НҰР-СҰЛТАН, 13 маусым – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында бес күн бұрын Есіл өзеніне батып кеткен сегіз жасар қыздың денесі табылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық ТЖ департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Еске салсақ, трагедия бес күн бұрын Есіл ауданының Покровка ауылында болды. Қыз жазғы демалысқа әжесіне барған. Қарт әйел сейсенбі күні кешке немересінің үйге оралмағанын айтып, учаскелік инспектордан көмек сұрады. Өзен жағасынан қыздың заттары табылды.
Анықталғандай, қыз күндіз өзімен қатарлас бауырымен ойнаған. Бала екеуі бірге суға шомылғанын, сол сәтте өзен ағысы қарындасын ағызып әкеткенін айтты.
"13 маусым сағат 7:35-те құтқарушылар Покровка ауылынан жеті шақырым жердегі Есіл өзенінен 2012 жылғы қыздың мәйітін тапты. Ол 8 маусым күні суға кеткен. Баланың денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді", - деді ТЖ департаменттегілер.
Қызды іздеу жұмыстарына СҚО ТЖД жедел құтқару жасағының сүңгуірлері, полиция мен азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар мен еріктілер жұмылдырылды.