Әлем

Коронавирус зертханадан тараған ба – ДДҰ басшысының жауабы

Америка Құрама Штаттары және тағы 13 мемлекет ДДҰ-дан коронавирустың шынайы шығу тегі туралы ашық және тәуелсіз тергеу жүргізуін талап етеді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 13 маусым - Sputnik. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бас директоры Тедрос Адхан Гебрейесус Ұлыбританияда өтіп жатқан G7 саммитінде SARS-CoV-2 зертханадан шығуы мүмкін екенін айтты. Ол сондай-ақ ДДСҰ тексерудің екінші кезеңіне дайындалып жатқанын мәлімдеді.

Саммитте сөйлеген сөзінде Гебрейесус COVID-19-дың шығу тегін анықтаудың бастапқы кезеңінде ресми Пекин сарапшылармен белсенді ынтымақтастық жасамағанын, бұл процесстің ашықтығына әсер еткенін атап өтті, деп хабарлайды РИА Новости.

ДДСҰ басшысы тергеу барысында әлемдегі кемінде 3 750 000 адам өмірін қиған вирустың шығу тегі туралы әр гипотезаны мұқият зерттеу маңызды екенін баса айтты.

"Менің ойымша, адамдар бұл вирустың қайдан шыққанын білуі керек. Бұл болашақта пандемияның қайталануына жол бермеу үшін қажет", - деді Гебрейесус.

Бұған дейін SARS-CoV-2-де табиғи коронавируста жоқ генетикалық із бар деп доктор Стивен Куэй мен Берклидегі Калифорния университетінің бірнеше профессоры айтқан болатын.

Олар жаңа коронавирусты зерттеу кезінде анықталған CGG-CGG тіркесіміндегі геномдардың реттілігін ғалымдар зертханаларда вирустардың жұқпалығын және өлім деңгейін күшейту үшін жиі қолданатынын айтты. Бұл олардың айтуынша вирустың жасанды екенін көрсетеді.

Оқи отырыңыз: Ресей ғалымдары "британдық" коронавирустың штаммын алғаш рет суретке түсірді

Бұдан бұрын АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео қытайлық вирусологтар азаматтық зерттеулермен қатар әскери талдаулар да жүргізгені туралы мәлімдеме жасады. Ол сондай-ақ Ухань зертханасындағы ғалымдар пандемияға дейін ауырғанын бірнеше рет айтты. Америкалық барлау қызметінде дәлел де бар көрінеді.

Наурызда дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вирустың шығу тегін анықтау үшін Қытайдың Ухань қаласына барған халықаралық сарапшылар тобының толық есебін жариялады. Мамандар COVID-19-дың зертханадан шығу ықтималдығы екіталай екенін айтты. Алайда, Америка Құрама Штаттары және тағы 13 мемлекет бұл тұжырымдармен келіспей, жаңа тергеу жүргізуге шақырды.