Оқиға

"Абу-Даби Плазада" тағы шу: жұмысшыларға екі айдан бері жалақы төленбей жатыр

Қазақстанның ең биік ғимаратының құрылысшылары екі ай бойы жалақысыз жұмыс істеп жатыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 11 маусым - Sputnik. "Абу-Даби Плаза" құрылысшылары екі ай жалақысыз қалды, деп хабарлайды "КТК" телеарнасы.

Қазақстанның ең биік ғимаратының құрылысшылары екі ай бойы жалақысыз жұмыс істеп жатыр. Әбден ашынған 100 шақты жұмысшы бүгін құрылысты тастап, компания кеңсесіне жиналды.

Жалақыдан бөлек барлығына әлеуметтік сақтандыру мен зейнетақы төлемдері де жасалмаған екен. Жұмысшылардың жанайқайын тілшіміз тыңдады. Жиналған 100 шақты адам Қазақстандағы ең биік ғимараттың құрылысшылары. Барлығы жалақысын екі айдан бері ала алмай жүр.

Басшылығына байланысқа шыға алмағандықтан, бүгін барлығы жұмысты  тастап, кеңсе алдына жиналған. Мердігерлер бүгін екі айдың ақшасын "түске дейін аударамыз" деген, бірақ уәдесінде тұрмаған. Сәуірден бері айлықсыз жүрген жұмысшылар компанияда ақша жоқ дегенге сенбейді.

"Міне, 10-ы күні келді: "Ақша жоқ, жігіттер, келесі жұма"  дейді. Келесі жұмаға дейін мынша адам қай уақытқа дейін күтеді. Пәтерақы күтпейді ғой бізді. "Извини" дейді ғой бізге. Квартира, кредит, оған қоса №9 емханада сақтандыру қорым жоқ. Үш айдан бері түспеген дейді. Фирмаға қоңырау соқсам,  тастадық деп өшіріп қояды", - дейді құрылысшы Тұрсынбек Халиков.  

Ел "Абу-Даби Плаза" деп білетін нысанның құрылысына бірнеше мердігер жұмыла кіріскен. 100 адамды ұлардай шулатқан "Қазинжиниринг", "Қазақстан-строй техно" деген екі компания. Бас мердігер ақша бермеген соң, жұмысшыларға аударарымыз жоқ деп қысқа қайырды. Ал барлығына жауапты бас мердігер компания банктің "анауы, мынауы бар" деп, шұбалаңқы жауаппен қатырды.

Оқи отырыңыз: Алматыда дезинфекция жасаушыларға жарты айдан бері жалақы төленбей жатыр

"Түсініңіз, коронавирус жағдайы жұмысқа кедергі болып жатыр. Біреуі қашықтан істесе, енді бірі ауруханада жатыр. Ал бұл ғимараттың құрылысына ақша шетелдік инвесторлардан келіп түседі. Сондықтан халықаралық банк операциялары көп уақыт алатындықтан, жалақы мәселесіне қатысты қиындық туындап отыр. Оған біз кінәлі емеспіз", - деді бас мердігер компанияның өкілі Ілияс Дәуленов.

"Ақша бермесеңіздер, кеңселеріңізді талқандаймыз" деген жұмысшылардан сескенді ме, әйтеуір бас мердігер бүгін 50 миллион теңге ақша аударамын деп ант-су ішті. Олардың есебінше, бұл жүз адамға арналған бір жарым айдың ақшасы. Ал қалғанын келесі апта жібермекші. Бірақ құр уәдеге әбден тойған құрылысшылар оның сөзіне сенген жоқ.

Ғимараттың құрылысы жүріп жатқанына 10 жылдың жүзі болған. Айлығын айқаймен ғана өндіріп жүрген жұмысшылардың шулауы бүгін ғана емес.

Еңбек инспекциясының айтуынша, компания уәде еткен 50 миллион теңгесін бүгін аудармаса, әкімшілік жауапқа тартылады.