Фото

Ғарыштағы медуза және дирижер үйрек: фотобайқау жеңімпаздары - фото

Sputnik

"Ең әдемі ел" фотобайқауына бүкіл әлем бойынша кәсіби және әуесқой фотографтар қатысты. Орыс географиялық қауымдастығы ұйымдастырған бұл байқау осымен жетінші рет өтіп отыр. Алғаш рет 2015 жылы өткен еді.

Күні кеше қазылар алқасы байқау жеңімпаздарының есімдерін атады. Ересектер арасындағы 10 және балалар арасындағы 4 номинация бойынша Ресей, Украина, Италия, Германия, Қытай және тағы басқа ондаған елден 9 мыңға жуық автор қатысты.

"Ең әдемі ел" фотобайқауының ережесіне сәйкес, оған әлемнен кез келген фотограф қатыса алады. Бірақ сурет тек Ресей аумағында түсірілуі керек.

Байқауға 65 мыңнан астам сурет жіберілді, олардың ішінде үздіктері таңдалды. Сонымен қатар қазылар алқасы арнайы үш жүлденің иесін анықтаса, онлайн дауыс беру арқылы тағы бір жеңімпазды көрермендер таңдады.

Қазылар алқасының құрамына жабайы табиғатты бейнелейтін италиялық мінсіз фотограф Марко Урос мен француз кинематографисі, танымал деректі фильмдердің операторы Филипп Рос кірді.

Жануарлар мен жабайы табиғаттың таңғажайып әрі әсерлі суреттерін Sputnik материалынан тамашалаңыз.

1 / 14
"Пейзаж" номинациясында Приморск өлкесінен қатысқан Юрий Смитюктің "Сиқырлы тұман" суреті жеңімпаз атанды. Владивосток аймағында тұман жиі түседі және бұл осы өңірдің өзіндік бір ерекшелігі саналады.
2 / 14
Фотограф Иван Науменконың суреті "Жабайы жануарлар" номинациясында жеңді. Суретте қиыршығыстық Bombina orientalis (Boulenger, 1890) атты құрбақа бейнеленген. Ол су бетінде қалқып жатқанды ұнататын қосмекенді. Құрбақаның бұл түрін ормандағы шағын көлдерде жиі кездестіруге болады.
3 / 14
Behind The Ballet фотожобасы жеңімпаздарының бірі Алексей Цилердің суреті. Автордың айтуынша, бұл сурет сахна сыртындағы көрініске арналған. Сурет авторы "сахнада бір бүтін болып көрінетін балериналар сахна сыртында әрқайсысы өз тірлігімен айналысып отырғанын көру қызықты" деген пікір білдірді.
4 / 14
Фотограф Денис Дегтяревтің "Ғарыш" атты суреті "Су сиқыры" номинациясында жүлделі болды. Суреттегі "Аурелия" медузасы Ақ теңіздің бетінде түсірілген.
5 / 14
Тынық мұхит ашуланды... Фотограф Ольга Барканованың суреті "Балалар көзімен қараған кездегі пейзаж" номинациясында жеңді.
6 / 14
Қар үстінде кетіп бара жатқан еліктер құлақ түріп артта не болып жатқанын тыңдап тұр. Фотограф Ярослава Меркулованың "Түрулі құлақ" атты суреті "Жануарлар әлемі" номинациясы бойынша бас жүлдені алды.
7 / 14
Владимир Мельник түсірген "Эйра бұғазында" атты сурет "Тірі архив" номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Зерттеушілер ұрпағының сабақтастығы байқалады: Белл аралының суреті Эйра бұғазында Alter Ego экспедициялық яхтасы көрініп тұрған Мейбл аралында түсірілген, ал 1880 жылы түсірілген архивтік суретте осы жерге атауы берілген Eira баркентинасы көзге түседі. Дәл сол орын, дәл сол көрініс, бірақ екі суреттің арасында бір жарым ғасыр жатыр...
8 / 14
Фотограф Александр Державиннің "Хернямяки тауындағы Рускеальск жедел пойызының көрінісі" атты суреті "Смартфонға түсірілген кадр" номинациясында жеңіп шықты. Державин осы кадрды түсіріп алу үшін екі күнге Карелияға барып, пойыздың жүру уақытын біліп, алдын ала қамданып отырған.
9 / 14
Фотограф Дарья Поломошнованың "Кітап қызықты болса, майнкрафт қажет емес!" "Адамдар әлемі" номинациясында жеңді. Оның айтуынша, қазір адамдар компьютер мен смартфон секілді гаджетке көп көңіл бөліп, уақытты пайдалы өткізу әдістерін ұмытып бара жатыр. "Бір күні қатты дауыл болғанда, барлық жарық сөніп, электр құрылғылары өшіп қалды. Сонда інім сөреден энциклопедияны алып, телефоннан шамды жақты да, кітапты қызыға оқуға кірісті", - дейді автор.
10 / 14
Фотограф Евгений Мазуриннің "Дирижер" атты суреті "Сүйкімді жануарлар" атты номинацияда жеңді. "Ақпанның аязды таңында ел арасында "Аққулы" деп аталатын Светлое көлінің бетін тұман жапты. Қыста мұз боп қатпайтын бұл көлде аққулар қыстап шығады. Оларға үйректермен бірге суатты бөлісуге тура келеді", - деп сипаттады өз суретін Мазурин.
11 / 14
Фотограф Светлана Иваненконың "Су астындағы би" атты суреті "Жабайы табиғат өнері" номинациясында жеңді. Бұл суретте аталық инеліктер ұрғашы инелік алдында өздерінің ұшу және жүзу қабілетін көрсетіп жатыр.
12 / 14
Фотограф Валерий Горбуновтың "Тамбов қаласындағы Қазан шіркеуі" атты суреті "Құс ұшатын биіктіктен қарағандағы Ресей" номинациясында жеңді. Бұл сурет мамырдың тұманды таңында түсірілген.
13 / 14
Фотограф Юлия Белякованың "Қанатты әткеншектер" суреті "Алуан түрлі Ресей" номинациясында жүлделі болды. Суретте: әжесі мен шөбересі.
14 / 14
"Көк шөптің үстінде екі ұлуға кез болдым. Олар бір мәселені қызу талқылап жатқандай көрінді", - дейді "Ұлулар әңгімесі" суретінің авторы фотограф Филипп Харченко. Бұл сурет "Балалар көзімен қарағандағы макроәлем" номинациясында жеңді.