Қоғам

Тоқаев Қазақстан экономикасының өсіміне қатысты жаңа болжамды бөлісті

Президент әлемдік экономикалық дағдарыс Қазақстанды да айналып өтпегенін атап өтті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 10 маусым – Sputnik. Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 2021 жылдың қорытындысы бойынша кемінде 3,5%-ке өсуі мүмкін. Экономика өсіміне қатысты жаңа болжаммен президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында бөлісті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Әлемдік экономиканың қалпына келуіне қарай Қазақстан да экономикалық өсім қарқынын үдетіп жатыр. Біздің үкіметтің болжамы бойынша бұл көрсеткіш кемінде 3,5% және одан көп болуы мүмкін", - деді Тоқаев.

Президент әлемдік экономикалық дағдарыс Қазақстанды да айналып өтпегенін атап өтті. Былтыр елдің сыртқы тауар айналымы 2019 жылмен салыстырғанда 13%-ке төмендеп, 85 миллиард долларды құрады. Шикізаттық емес тауарлар экспорты небәрі 2,8%-ке азайып, 15 миллиард доллар болған. 

Оқи отырыңыз: Тоқаевқа Қазақстанды сән индустриясының орталығына айналдыру ұсынылды

Сонымен қатар Тоқаев Қазақстан дағдарыс жылында 18 миллиард доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартқанын тілге тиек етті. Шетелдіктердің қатысуымен жалпы сомасы 1,6 миллиард долларға 41 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 7 мыңнан аса жұмыс орны ашылды.