НҰР-СҰЛТАН, 10 маусым - Sputnik. Петропавл қаласының №3 ауруханасында жатқан пациент осы мекемеде тамақ тарату жұмысына наразылық білдірді. Санитар әйел тәрелке болмағасын бесін асты тура тумбочканың үстіне салып кетті.
Ашуланып кеткен ер адам бәрін видеоға түсіріп, әлеуметтік желі арқылы таратып жіберді.
"Міне, біздің үшінші қалалық ауруханамызда осылай тамақ береді. Бүгін – 2021 жыл, 8 маусым. Адамдар түстен кейін ұйықтап жатқанда тамақты әкеліп тастаған. Ірімшік ашымасын кесек-кесекпен алып келген. Бұл – бесін ас", - дейді пациент.
Осыдан кейін ер адам санитар әйелге видеоға түсіріп жатқанын айтып, тамақты итке бергендей неге тумбочканың үстіне қойып кеткенін сұрады.
"Енді қайда салайын? Бізде тәрелке жоқ", - деп жауап берді санитар әйел.
Петропавловск News сайтының мәліметіне сәйкес, облыстық денсаулық сақтау басқармасы ауруханадағы тәрелке тапшылығын жоққа шығарды. Ал санитар әйелге сөгіс жарияланды.
"Санитар әйел пациентке тамақты тумбочканың үстіне салып берген. Ауруханаға тәрелке жеткілікті. Осы оқиға мейіргерлер кеңесінде қаралды. Аурухана әкімшілігіне санитар әйелге сөгіс жариялау ұсынысын енгізу туралы шешім қабылданды", - делінген ресми хабарламада.
Оқи отырыңыз: Дәрігер бөлмесіндегі бейнежазба Петропавл тұрғындарының шамына тиді
Бұдан бөлек, санитар әйелді басқа жұмыс орнына ауыстыру мәселесі қаралады.