НҰР-СҰЛТАН, 10 маусым - Sputnik. Күні кеше Қарағанды қаласындағы "Горняк" аялдамасында ер адамның өлі денесі табылды. Әлеуметтік желіде оның тоққа түсіп қайтыс болғаны туралы хабар тарады. Себебі ол күні жаңбыр жауған, ал аялдаманың айналасын қазып тастады. Полиция департаменті ер адамның тоқтан қайтыс болғанын растады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"9 маусымда "Горняк" аялдамасында болған қайғылы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық кодекстің 306-бабы (Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету) аясында сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды", - делінген ресми хабарламада.
Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, 33 жастағы ер адам тоққа түсіп, қайтыс болды. Тергеушілер оқиғаның мән-жайын анықтауға кірісті.
Айта кетейік, 33 жастағы Ұлан Шәйкенов экспедитор болып жұмыс істеген. Сол күні ол Майқұдықтың 12-ші шағын ауданындағы "Горняк" аялдамасының әлеуметтік дүкеніне тауар апарған.
Оқи отырыңыз: Қарағанды базарында ер адам белгісіз жағдайда қайтыс болды
Баспалдақтың таянышынан ұстап қалғанда тоқ соққан. Куәгерлердің айтуынша, ер адам оқиға орнында көз жұмды. Ал денесі қарайып кеткен. Павильон тұрған көшені жөндеп жатыр. Аялдаманың айналасын да қазып тастаған. Бұған дейін қала әкімдігі аялдамада қайтыс болған ер адамның тоқтан қайтыс болғанын растамады.
Сондай-ақ, әлеуметтік желіде 6 маусым күні дәл осы аялдамада 36 жастағы әйелдің қайтыс болғаны туралы ақпарат тараған болатын. Полицейлер осы оқиғаның сот-медициналық сараптамасын да жариялады. Оған сәйкес, қайтыс болған әйелдің жүрегі ауырған.