НҰР-СҰЛТАН, 9 маусым — Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев адам құқықтары саласындағы нақты шараларды одан әрі жүзеге асыру – саяси жаңғырудың маңызды кезеңі екенін айтып өтті.
"Адам құқықтары саласындағы нақты шараларды одан әрі жүзеге асыру – саяси жаңғырудың маңызды кезеңі. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қойылды. Үкіметке оны орындау үшін шұғыл шаралар жоспарын қабылдауға тапсырма берілді", - деп жазды Тоқаев Twitter-дегі парақшасында.
Естеріңізге салсақ, бүгін президент "Қазақстан Республикасының адам құқықтары саласындағы одан әрі шаралары туралы" жарлыққа қол қойған болатын.
Онда мынадай жұмыс бағыттарын көздесін:
- БҰҰ-ның шарттық органдарымен және БҰҰ-ның Адам құқықтары бойынша кеңесінің арнаулы рәсімдерімен өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру;
- адам саудасы құрбандарының құқықтарын қамтамасыз ету;
- мүгедектігі бар азаматтарға қатысты адам құқықтары;
- әйелдерге қатысты кемсітуді жою;
- бірлесу бостандығына құқық;
- пікір білдіру бостандығына құқық;
- адамның өмір сүруге және қоғамдық тәртіпке құқығы;
- үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл тиімділігін арттыру;
- адамның қылмыстық сот төрелігі, атқару және азаптаулар мен қатыгез іс-әрекеттердің алдын алу саласындағы құқықтары.
Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы президентінің әкімшілігіне жүктелді.