Өңірлер

Шымкентте қарапайым ота жасатуға келген қыз өлім аузында жатыр

Айдананың жақындары ота жасаған дәрігерлермен кездесуді талап еткен. Бірақ жауаптылардың бірі сырқаттанғанын айтса, екіншісі сөйлесуден бас тартқан
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 8 маусым – Sputnik. Төлеби ауданының тұрғыны Айдана Қалдықұл тілінің астынан өскен етті бес минуттық операцияда алдырып тастау үшін облыстық балалар ауруханасына барған. Бірақ қарапайым отаны дәрігерлер тым күрделендіріп жібергені соншалық, енді жасөспірім өмір бойына мүгедек болып қалуы әбден мүмкін, деп хабарлайды КТК арнасы.

Дәрігерлердің бірі наркозды көп беріп қойса, ота үстінде апараттары өшіп қалып 15 жасар науқастың бірер минутқа жүрегі тоқтап қалған. Сөйтіп миы қабынған оқушы қыз 10 күннен бері ауыр халде жатыр.

Төлеби ауданының тұрғыны портал арқылы 27 мамырда Шымкенттегі облыстық балалар ауруханасына келген. Бірақ бес минут жасалады деген ота бірнеше сағатқа созылып, тіпті жүрегі берер минутқа тоқтап қалған. Оны ота кезінде салғырттық танытқанын дәрігерлердің өзі туыстарына айтып, мойындапты.

Айдананың анасы Фарида Өтегенова дәрігерлердің наркоз көп беріп, салғырт қарағанын алға тартады.

"Тіпті, апараттары істен шыққанын өздері, бас анестезолог Қанат Керімбекұлының өзі мойындады. Енді қолдан келер шара жоқ деп отыр", – дейді Айдананың анасы.

Отбасындағы төрт баланың тұңғышы Айдана биыл 9 сыныпты бітірген. Миы қабынған қыз 10 күннен бері жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатыр. Операцияға өз аяғымен кірген жеткіншектің мұндай жағдайда екеніне жақындары сене алар емес. 15 жасар науқасты қалай болса да аяғынан тұрғызып берсін деп отыр.

"Білікті мамандарын шақырсын, қызымды аяғынан тұрғызсын. Сол айтар нәрсем. Өрімдей қыз еді, өз аяғымен келіп, мынадай жағдайға түсіп отыр. Кінәлілер жазалансын. Титтей нәрсеге менің қызымды қорлап отыр", – дейді Айдананың әжесі Зияда Молдыбаева.

Айдананың жақындары ота жасаған дәрігерлермен кездесуді талап еткен. Бірақ жауаптылардың бірі сырқаттанғанын айтса, екіншісі сөйлесуден бас тартқан. Бірақ телефонмен тілдескенде бар жауапкершілікті бір-біріне сілтеді. Ал жансақтау бөлімінің меңгерушісі бес сағаттық отадан шыққан Айдананың бөлімге түскенде миының 90 пайызы қабынғанын айтады. Сондықтан аяғына тұрып кетуі екіталай дейді.

"Телемедицина болатын болса, телемедицинамен сөйлесеміз. Жоғары жақтан кеңес берсе, бәрін істейміз. Ал егер Алматы жақтан келісім болса оны да қарастырамыз. Бірақ қазіргі кезде баланың жағдайы ондай тасымалдауды көтере алмайды, жағдайы ауыр", – Түркістан облысы балалар ауруханасы жансақтау бөлімінің меңгерушісі Гүлзира Құдайбергенова.

Дәрігерлер Айдана аяғынан тұрғанымен, бұрынғы қалпына енді келмейтінін айтады. 15 жасар өрімдей қыз аман қалса да, мүгедек болып қалу қаупі бар. Сондықтан оқушы қыздың жақындары қарапайым отада қолы қалт кеткен дәрігерлер жазасын алсын дейді. Қазір дәрігерлер тобына қатысты ішкі тексеріс жүріп жатыр.

Оқи отырыңыз: Жүрек ұстамасының ерекше симптомы белгілі болды