НҰР-СҰЛТАН, 8 маусым – Sputnik. Тәртіп сақшылары Нұр-Сұлтанның элиталы аудандарының бірінде үйрек балапандарын құтқару бойынша операция өткізді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Бейбітшілік және келісім сарайына қарсы орналасқан Highvill тұрғын үй кешенінің жанында Татьяна Зигель есімді тұрғын жаяу жүргінші жолында жүгіріп жүрген үйрек балапандарын байқаған. Ана-үйрек балапандарын Пирамида жанында ағып жатқан жылғаға қарай жеткізгісі келгенімен, машиналар жүретін жолдан өткізе алмаған.
Татьяна Зигель өз күшімен үйректер жанұясына көмектесе алмады. Сонда ол шет мемлекеттерде мұндай мәселеде полиция қызметкерлері көмектесетінін еске түсіріп, 102 желісіне хабарласқан.
Оқи отырыңыз: Бес жануар сарқырамадан пілдің баласын құтқарамын деп өздері де өлді – видео
Тәртіп сақшылары бірнеше минутта оқиға орнына жетіп, жолдағы көлік қозғалысын тоқтатқан. Содан кейін балапандарды қорапқа салып, жолдың арғы бетіне өткізген. Үлкен үйрек жолдан ұшып өтіп, балаларына қосылды.