Өңірлер

Ақылы дезинфекцияға міндеттеген: Қазақстан шекарасындағы бекеттің былығы ашылды

Жүк көлігінің доңғалағын залалсыздандырумен айналысқан мамандар әрбір жүргізушіден 2 500 теңге шамасында ақы алып отырған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 8 маусым – Sputnik. Қазақстан мен Ресей шекарасындағы Жаңажол бекетінде жүк көліктерінің доңғалақтарын дезинфекциялық ерітіндімен өңдеу қызметі заңсыз жұмыс істеп келгені анықталды. Бір қызығы Солтүстік Қазақстан облысының аумағындағы қызметтің мұндай түрі апта бойы ақылы негізде көрсетілген, деп хабарлайды "Еуразия" арнасы.

Телеарна дерегінше, шекара заставасында Ресейден Қазақстанға кіретін барлық жүк көліктерінің доңғалақтарын жууды ұсынған. Яғни, олар өз қызметін міндетті деп атап, бұл талап мемлекеттік санитарлық дәрігердің белгілі бір бұйрығы негізінде іске асырылатынын алға тартқан.

"Қазақстанға кіретін автокөліктердің бәрі де дезинфекциялануы керек, әсіресе жүк көліктерінің доңғалақтары міндетті түрде өңделуі тиіс деп оның бағасы 2 500 теңгеге бағаланған", – дейді Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасы бөлімінің басшысы Айдос Кеңпейілов.

Ал залалсыздандыру компаниясының өкілдері болса, жүргізушілерге ұсынылатын бұл қызметті іске асыру үшін тендерден жеңіп алғанын айтады. Сондықтан да, соның негізіне сүйене отырып, фирма өз қызметін бастапты.

Солай десек те, бұл мәселені зерттеген прокуратура өкілдері мекеме қызметін тоқтатып, тексеруді бастады. Ал шекарашылар мен облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, "Қазавтожол" АҚ-ның облыстық филиалы және автомобиль жолдары комитеті бұл оқиғаға өздерінің ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеген.

Оқи отырыңыз: Залалсыздандыру құралдары адам өміріне қауіпті ме – әкімдік жауабы

Прокурорлық тексерістің нәтижелері әлі белгісіз.