Қоғам

Араб шейхтеріне Қазақстан аумағында дуадақ аулауға рұқсат беріледі

Араб шейхтеріне жалпы саны 413 жек дуадақ аулауға рұқсат беріледі. Осының нәтижесінде Қазақстан бюджеті жүздеген миллион теңгемен толығады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 8 маусым — Sputnik. Қазақстан Республикасы экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті "Ашық НҚА" сайтында "Жек дуадаққа саятшылық құру туралы" үкімет қаулысының жобасын жариялады.

Құжатқа сәйкес 2021 жылдың 1 қыркүйегі мен 15 қарашасы аралығында мына тұлғаларға өз ителгілерімен же дуадаққа саятшылық құруға рұқсат беру қарастырылған:

  • Шейх Халифа Бин Заид Әл Нахаянға (Біріккен Араб Әмірліктері) Түркістан облысындағы республикалық маңызы бар Арыс және Қарақтау мемлекеттік қорығы аймағының аумағында 97 (тоқсан жеті) дара жек дуадаққа және Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарындағы республикалық маңызы бар Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік қорығы аймағының аумағында 99 (тоқсан тоғыз) дара жек дуадаққа;
  • Шейх Сурур Бин Мұхаммед Әл Нахаянға (Біріккен Араб Әмірліктері) Маңғыстау облысындағы республикалық маңызы бар Кендірлі-Қаясан мемлекеттік қорығы аймағының аумағында 52 (елу екі) дара жек дуадаққа;
  • Шейх Сеиф Бин Мұхаммед Әл Нахаянға (Біріккен Араб Әмірліктері) Маңғыстау облысындағы республикалық маңызы бар Кендірлі-Қаясан мемлекеттік қорығы аймағының аумағында 51 (елу бір) дара жек дуадаққа;
  • Шейх Джасем Бин Хамад Бин Халифа Әл Таниге (Қатар) Жамбыл облысындағы республикалық маңызы бар Аңдасай мемлекеттік табиғи қаумалының аумағында 34 (отыз төрт) дарақ жек дуадаққа және Алматы және Жамбыл облыстарындағы республикалық маңызы бар Жусандала мемлекеттік қорығы аймағының аумағында 80 (сексен) дара жек дуадаққа.

Саятшы шейхтар туралы не білеміз

  • Шейх Халифа Бин Заид Әл Нахаян – 2004 жылдың 3 қарашасынан бері Біррікен Араб Әмірліктерінің президенті және Әбу-Даби эмирі. Forbes мәліметі бойынша, әлемнің ең бай адамдарының қатарында және оның мүлкі 15 миллиард долларға бағаланып отыр. Оның отбасындағы адамдардың мүлкі 150 миллиард долларды құрап отыр.
  • Шейх Сурур Бин Мұхаммед Әл Нахаян – Әбу-Даби эмирінің билеуші отбасының бір мүшесі, мұрагер ханзада. Қазақстандағы құрылысқа инвестиция салған.
  • Шейх Сеиф Бин Мұхаммед Әл Нахаян - генерал-лейтенант, Әбу-Даби эмирінің билеуші отбасының бір мүшесі.
  • Шейх Джасем Бин Хамад Бин Халифа Әл Тани – Катардың мұрагер ханзадасының бауыры.

Бұл төрт шейх те ителгімен саятшылық құрудың әуесқойлары және осы мақсатта Қазақстанға бірнеше рет келген.

Араб шейхтерінің саятшылығы Қазақстанға қанша табыс әкеледі

Араб шейхтеріне жалпы саны 413 құсты аулауға рұқсат берілген. Бір жек дуадақтың құны 260 айлық есептік көрсеткіш (758 420 теңге немесе шамамен 1 780 доллар) көлемінде белгіленді.

"Қаулы жобасын қабылдау халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді, сондай-ақ 313 227 460 теңге (733,5 мың доллар) көлемінде бюджетке қаражат түсімін қамтамасыз етеді. Құжат белгіленген тәртіпте әділет, қаржы, ұлттық экономика, білім және ғылым және сыртқы істер министрліктерімен келісілген", - деп жазылған түсініктеме жазбада.

Экология министрлігі атап өткендей, жобаны қабылдау әлеуметтік-экономикалық және құқықтық жағымсыз салдарға әкеп соқпайды.

Оқи отырыңыз: Алты қызғалдақ үшін 9 млн теңге: "Қызыл кітаптағы" өсімдік пен жануар қалай қорғалған?