Қоғам

Екі жігіт әлеуметтік желінің көмегімен 200-ден аса қазақстандықты сан соқтырып кетті

Жәбірленушілер республиканың он екі өңірінде тұрады, олардың көбі қарыз туралы полициядан білген
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 7 маусым – Sputnik. Нұр-Сұлтанда тұратын алаяқтар 210 қазақстандықтың атына онлайн несие рәсімдеген, деп хабарлайды Polisia.kz.

Елорданың 26 және 32 жастағы тұрғындары былтыр қазаннан бастап сәуірге дейін микрокредиттік ұйымдардың бірінде басқа азаматтардың атына онлайн кредит рәсімдеген. Қылмыстық схеманы Қостанай облысының киберқылмыспен күресетін полицейлері анықтады.

Алаяқтар жәбірленушілердің жеке деректерін әлеуметтік желілерден іздеп тапқан. Азаматтардың аты мен тегін, ЖСН-нін пайдаланып, еш кедергісіз онлайн несие алған.

Заңсыз әрекет салдарынан 210 адам алаяқтың құрбаны болды. Жәбірленушілер республиканың 12 өңірінде тұрады. Алаяқтар бір адамның атына 70 мыңнан 300 мың теңгеге дейін қарыз алған.

Жәбірленушілердің негізгі бөлігі өз атына кредит алынғанын полициядан білсе, қалғандарына қарызды өтеу туралы телефон қоңырауы мен SMS-хабарлама келген.

Тағы оқыңыз: Петропавл тұрғыны 8 миллион теңгеден қағылғанын өзі де білмей қалды

Алаяқтар азаматтарға 26 миллион 100 мың теңге материалдық шығын келтірді.

Қазіргі таңда күдіктілер Қостанай қаласының тергеу изоляторына қамалды. Оларға қатысты қамауда ұстау түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды.

Қаскөйлер ақшаны әртүрлі банктің виртуалды картасына аударып, кейін жеке қажеті мен букмекер кеңселердің ставкасына жұмсаған.