Саясат

Тоқаев кадрлық ауыс-түйіс жасады

Президент жарлығымен Денис Шипп жоғары сот кеңесінің төрағасы лауазымына тағайындалды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 7 маусым — Sputnik. Мемлекет басшысының жарлығымен Талғат Донақов жоғарғы сот кеңесінің төрағасы қызметінен босатылды. Оның орнына Денис Шипп тағайындалды, деп хабарлады Ақорда

"Денис Алексеевич Шипп Қазақстан Республикасы жоғары сот кеңесінің төрағасы лауазымына тағайындалсын", - делінген президенттің жарлығында.

Жоғарғы сот кеңесі президенттің соттардың қалыптастыру бойынша конституциялық өкілеттілігін, сондай-ақ, судьялардың құқықтық дербестігін қамтамасыз ету мақсатында құрылған болатын.

Денис Шипп туралы не білеміз

Денис Шипп 1968 жылы 27 ақпанда Петропавловск қаласында дүниеге келген. Омбы мемлекеттік университетінде "Құқықтану" мамандығы бойынша оқыды. Сондай-ақ, Королев атындағы Самара мемлекеттік аэроғарыш университетінде білім алды.

Еңбек жолын ағылшын тілінің аудармашысы болып бастаған. Одан кейін Солтүстік Қазақстан облыстық агроөнеркәсіп комитетінде жұмыс істеді. Осы өңір бойынша қаржы полициясының тергеу басқармасына жетекішілік етті. Артынан Петропавловск қаласың судьясы болды.

Оқи отырыңыз: Тоқаев сыртқы істер саласында ауыс-түйіс жасады

2006-2011 жылдар аралығында Алматы қаласында мамандырылған қаржы сотының судьясы, ал 2011-2015 жылдары сот төрағасы қызметін атқарды.

2015 жылдан бастап Қазақстан Республикасының жоғары сотының судьясы, мамандырылған сот алқасының мүшесі болды. Қазақстан судьяларының одағына кіреді.

Талғат Донақовтың өмірбаяны

Талғат Советбекұлы Донақов 1965 жылдың 16 қаңтарында туған.

1987 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін "Құқықтану" мамандығы бойынша бітірген. Одан кейін КСРО Ғылым академиясының Құқық және мемлекет институтының аспирантурасында білім алды. Заң ғылымдарының кандидаты.

1991 жылы еңбек жолын құқық және философия институтында кіші ғылыми қызметкер дәрежесінен бастады. Ғылым академиясына қарасты құқық және мемлекет институтында жұмыс істеді. Ал 1992 жылы жоғары сот аппаратына ауысты.

1994-2000 жылдары президент әкімішілігінде қызмет етіп, кеңесші, сектор меңгерушісі, меңгерушінің орынбасары, құқықтық сараптама, заңнама, сот жүйесі және мемлекеттік-құқықтық бөлімнің меңгерушісі болды.

2000 жылы - әділет министрінің орынбасары. Ал 2002 жылы қайтадан президент әкімшілігіне барды.

2015 жылдың желтоқсанында мемлекеттік қызмет істері министрі қызметіне тағайындалды. Бір жылдан кейін Қазақстан Республикасы президентінің әкімшілігі басшысының орынбасары болды. Ал 2018 жылдан бастап жоғарғы кеңес төрағасының қызметін атқарды.