Өңірлер

Шатыр ұшып, көлікті басып қалды: дүлей дауыл шымкенттіктердің дегбірін қашырды – видео

Қазгидромет мәліметіне сүйенсек, 6 маусымда желдің жылдамдығы 15 бен 28 метр/секунд аралығында соққан
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 7 маусым – Sputnik. Шымкентте қатты соққан жел ондаған ғимараттың шатырын ұшырып кетті. Сондай-ақ бірнеше ағаш құлап, автокөліктерге де зақым келді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Қазгидрометтің мәліметіне сәйкес, Шымкентте 6 маусым сағат 18.25-18.36 аралығында жылдамдығы 15-28 м/с жететін жел соқты. Салдарынан бірнеше көпқабатты тұрғын үйлердің шатыры ұшты.

"Атап айтқанда, Байтұрсынов көшесіндегі 5 қабатты үйдің 40 шаршы метрді құрайтын шатыры ұшып, Қонаев даңғылындағы үйдің ауласында тұрған Тoyota Corolla маркалы автокөлігін басып қалды", – делінген ақпаратта.

Сондай-ақ, Солтүстік шағын аудандағы 52 үйдің шатыры да желге шыдас бермеген. Оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметінің 2 техникасы мен 8 қызметкері жіберіліп, қалпына келтіру жұмыстарымен айналысуда.

Оқи отырыңыз: 43 адам көз жұмды: Қытайдың бірнеше провинциясын дүлей дауыл ойрандап жатыр

Әкімдік ұсынған деректе қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.

Дей тұрғанмен, әлеуметтік желі қолданушылары шатыр ұшып, бірнеше көлікті басып қалғаны көрініс беретін фото, видеоларды бөлісуде.