Қоғам

Иманғали Тасмағамбетов "КАМАЗ" компаниясы директорлар кеңесінің құрамына кірді

Директорлар кеңесі екі кандидатураны ұсынған еді - Кирилл Пузырьков және Иманғали Тасмағамбетов
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 6 маусым  – Sputnik. Қазақстанның Ресейдегі бұрынғы төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов "КАМАЗ" ЖАҚ директорлар кеңесінің құрамына өтті, деп хабарлады BAQ.KZ.

Наурыз айында ресейлік компанияның акционерлері директорлар кеңесінің құрамына екі үміткерді ұсынғаны туралы хабарланған болатын. Оның біреуі – КамАЗ қызметкерлерінің біріккен бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Кирилл Пузырьков болса, екіншісі - қазақстандық саясаткер Иманғали Тасмағамбетов.

4 маусымда өткен жылдық жалпы жиналыста Иманғали Тасмағамбетов кеңес құрамына өтті. 

Иманғали Тасмағамбетов 2019 жылдың желтоқсанына дейін Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарды. Бұл қызметте ол екі жыл тоғыз ай жемісті жұмыс істеді. 2019 жылдың 9 желтоқсанында ол зейнет жасына – 63 жасқа толды. Содан кейін 18 желтоқсанда Қазақстан президенті Тасмағамбетовті Қазақстанның Ресейдегі елшісі қызметінен босату туралы жарлыққа қол қойды.

"КАМАЗ" ЖАҚ – Ресейдің ең ірі автомобиль корпорациясы. Ауыр жүк көліктері өндірісі бойынша әлемдік жетекші жиырма компанияның ішіне кіреді.