Фото

COVID-ке қарсы вакцина салуға арналған әлемдегі ерекше орындар – фото

Sputnik

Бүкіл әлем бойынша екі миллиардқа жуық адам екпе салдырғанына қарамастан, сарапшылар вакциналау қарқыны баяу жүріп жатқанын айтуда.

Сондықтан әр елдің билігі адамдарды жаппай вакциналау үшін екпе орындарын мейлінше қолжетімді етуге тырысып жатыр. Осы орайда адамның ойына келе қоймайтын жерлерде де вакциналау жүргізілуде. Жылжымалы пункттер ашылып, медицина қызметкерлері шалғайдағы аудандарға барып, үйде екпе салып жатыр. Ерекше орындар ішінде ғибадатханалар, стадиондар, дәмханалар, тіпті стрип-клубтар да бар.

Қазақстанда екпе салу орындары көптеген қалада сауда ойын-сауық орталықтарында ашылды. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейесуспен виртуалды кездесу барысында ел ішінде қолданылып жатқан және 90% тиімділік көрсеткен отандық QazVac вакцинасының сынақ нәтижелері туралы айтып берді.

ДДҰ басшысы әлі көп мемлекет екі миллион адамды вакциналау деңгейіне жете қоймағанын атап өтті. Ол Қазақстанның халықтың 55%-ін екпемен қамту жөніндегі жоспарын жоғары бағалады.

Вакциналау науқаны әлем елдерінде қалай өтіп жатқанын суреттер топтамасынан тамашалай аласыз.

1 / 14
Алматының сауда ойын-сауық орталығында орналасқан вакциналау орталығында ер адам коронавирусты инфекцияға қарсы QazCovid-in екпесін салдырып жатыр.
2 / 14
Ер адам үйінде отырып-ақ коронавирусқа қарсы вакцина салғызуда. Левиста ауылы, Черногория.
3 / 14
Биші ДжоДжо Хамнер Лас-Вегастағы Hustler Club-та вакцина салғызып жатыр.
4 / 14
Нантердегі Paris La Defense Arena ашылу күнінде Covid-19-ға қарсы вакциналау орталығы, Франция.
5 / 14
Дәрігер Анаргирос Мариолис гректердің Элафониссос аралында егде жастағы әйелге Covid-ке қарсы екпе салып жатыр.
6 / 14
Орталық Англияның Личфилд қалашығының тұрғындары қалалық ғидабатханада уақытша ашылған вакциналау орнында екпе салғызып жатыр.
7 / 14
Коронавирусқа қарсы ресейлік Sputnik V ("Гам-КОВИД-Вак") препаратын салғызғаннан кейін туристер Марина мен Марсио Рикардо Сан-Маринодағы дәмханада демалып отыр.
8 / 14
Ер адам Крагуевацтегі the Biblioteka kod Milutina дәмханасында коронавирусқа қарсы екпе салғызып жатыр. Сербияда жергілікті билік дәмхана бизнесінің өкілдері үшін екпе науқанын ұйымдастырды.
9 / 14
Медицина қызметкері Ана Кассия Оливейра де Лима Бразилиядағы Негр өзенінің жағалауында вакциналау күнінде 75 жастағы Жоао Акино Фильюге COVID-19-ға қарсы екпе салып жатыр.
10 / 14
Әйел адам Pacaembu стадионындағы вакциналау орталығынан өту кезінде екпе салғызып жатыр. Сан-Паулу, Бразилия.
11 / 14
Манхэттендегі Американың жаратылыстану тарихы музейінде адамдар COVID-19-ға қарсы вакцина салғызып жатыр, АҚШ.
12 / 14
Зауыт қызметкерлері Мексиканың Сьюдад-Хуарес қаласындағы автобуста коронавирусқа қарсы вакцина салғызуда.
13 / 14
Лиондағы Спорт сарайында орналасқан вакциналау орталығында адамдар екпе салғызу үшін кезек күтіп отыр. Франция.
14 / 14
Әйел Мәскеудегі "Глобус" гипермаркетінде ресейлік "Спутник V" вакцинасын салғызар алдында құжаттарды толтырып жатыр.