Қоғам

Мониторингтік топтардың жұмыс тәртібі өзгерді

Бектеновтің айтуынша, тексеріс парағының жаңа нұсқасы бекітілді. Ол жерде бизнеске қатысты талаптар қысқартылып отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 4 маусым – Sputnik. Монитронингтік топтардың жұмыс тәртібі өзгерді. Енді, тексерушілер тек өрескел тәртіп бұзушылықтар үшін ғана әкімшілік хаттама толтырады. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Денсаулық сақтау министрлігі мен ішкі істер министрлігінің өзара келісімі бойынша, мониторингтік топтардың тексерістері, тек ең өрескел тәртіп бұзушылықтарға ғана бағытталуы тиіс.

"Соның ішінде жұмыс уақытын сақтамау, шекті санынан артық адам кіргізу, рұқаст берілмеген нысандарды ашу және бетпердесіз жүру бар. Әкімшілік істер осы тәртіп бұзушылықтар бойынша ғана қозғалады", – деді Бектенов кәсіпкерлердің республикалық форумында.

Бұдан бөлек, тексеріс парағының жаңа нұсқасы бекітілді. Онда бизнеске қатысты талаптар қысқартылып отыр.

Бектенов бірқатар министрліктің жұмысы бойынша жемқорлық қауіп-қатерлерді талдау шаралары туралы айтып берді. Атап айтқанда, энергетика, қаржы және ауыл шаруашылығы министрлігінің қызметі зерделенді.

Осылайша, жер қойнауын пайдаланушылармен рәсімделген келісімшарттарды орындауды бақылау жүйесінде, сондай-ақ газ тарату саласында жемқорлық қауіп-қатерлері анықталды. Ішкі аудит комитеті де солай. Сатып алуларды камералдық бақылау жүйесі дұрыс жолға қойылмаған, артық әкімшілік кедергілер бар. Тәртіп бұзушылықтарды анықтау жұмысы сапасыз жүргізіледі. Сотта кейбір актілер заңсыз болып шықты.

Оқи отырыңыз: "Не керегі бар": шымкенттік кәсіпкерлер мониторингтік топтың жұмысын сынға алды

Ал агроөнеркәсіп кешенінде ауыл шаруышылығы жерлерін және дизельді отынды тарату саласында жемқорлық қауіп-қатерлері анықталды.