Қоғам

Бүгін Алматыда әнұран бір уақытта шырқалады

Алматыда сағат 13:00-де қаланың барлық аумағында әнұран қосылады
Sputnik

АЛМАТЫ, 4 маусым – Sputnik. Алматыда бүгін мемлекеттік рәміздер күніне орай қаланың барлық аумағында әнұран бір мезгілде қосылады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Айта кетейік, 4 маусым – Қазақстанның мемлекеттік рәміздері күні. Соған орай сағат 13:00-де мемлекеттік әнұран қосылады. Әнұранды орындау бойынша флешмоб өтеді.

Алматы әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын осы акцияға қосылуға шақырды.

Қала тұрғындары мемлекеттік әнұранды саябақтар мен скверлер, жаяу жүргіншілер көшелері, метро станциялары мен вагондар аумағында, сауда ойын-сауық орталықтарында, "Медеу" биік таулы кешені мен "Шымбұлақ" курорты, сондай-ақ "Көк Төбе" саябағында тыңдай алады.

"Акцияның мақсаты – азаматтық пен патриоттыққа, өз отаны – Қазақстан Республикасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, еліміздің мемлекеттік рәміздеріне деген құрметті қалыптастыру, сондай-ақ олардың мәні мен маңызын түсіну", - деп мәлімдеді қала әкімдігі.

Айта кетейік, мемлекеттік әнұран орындалған кезде Қазақстан Республикасының азаматтары оң қолын жүрек тұсына қояды.

Ал  мемлекеттік әнұран мәтіні мен музыкалық басылымға сәйкес мемлекеттік тілде орындалады.

Мемлекеттік рәміздер күні

1992 жылы 4 маусымда Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді. 2007 жылдан бастап қазақстандықтар бұл күнді мерекелей бастады.

Мемлекеттік ту, елтаңба және әнұран мемлекеттің негізгі рәміздері саналады.

1992 жылы республиканың елтаңба, ту, әнұран жобасын жасауға конкурс жарияланды.

Рәміздердің үлгісі бойынша конкурсқа 600-ден астам адам қатысты. Оның ішінде мемлекеттік ту эскизі бойынша 1200 өтінім түскен. Оның ішінде суретші Шәкен Ниязбеков салған мемлекеттік ту бекітілді.

Елтаңбаның 245 сурет жобасы мен 67 кескіндемесі  ұсынылды. Елтаңба жобасы конкурсында сәулетші Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлихановтың еңбегі үздік деп танылып, қазіргі нұсқа бекітілді.

Оқи отырыңыз: 4 маусым – мемлекеттік рәміздер күні

1992 жылы конкурсқа әнұранның 750 нұсқасы түсті. Қабылданған әнұран авторлары – Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский мен Латиф Хамиди. 2006 жылы жаңа мемлекеттік әнұран қабылданды. Жаңа әнұранның авторы – Шәмші Қалдаяқов, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.