Қоғам

Эксклюзив: Денис Теннің ісі бойынша сотталған Толыбаева қайта түрмеге қамалды

Ол қазір баласымен бірге Алматы облысы Жауғашты ауылындағы түзету мекемесінде жазасын өтеп жатыр
Sputnik

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ, 3 маусым – Sputnik. Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің ісі бойынша сотталған Жанар Толыбаева қайтадан түрмеге тоғытылды. Ол Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берді. 

Бұл оның алғашқы сұхбаты.

"Мен туралы бүкіл Қазақстан білуі де мүмкін. Себебі мен Денис Теннің ісі бойынша қылмысты біле тұра айтпағаным үшін отырмын. Сол үшін маған 4 жыл жазамды жалпы колонияда өтеуге берген болатын. Бірінші рет сұхбат беріп жатырмын. Бұған дейін сұхбат беруден бас тартып келдім. Бұл жолы бергім келді, себебі мені бір рет емес, бірнеше рет осы жерге қайтарып жатыр", - деді Толыбаева.

Айта кетейік, заңға сәйкес ауыр қылмыс үшін сотталған кез келген азамат жаза мерзімінің 1/3 бөлігін өтегеннен кейін қалған бөлігін жазаның едәуір жеңіл түріне ауыстыру туралы сотқа өтініш білдіре алады. 2019 жылдың желтоқсанында Толыбаева осы құқығын пайдаланған. Осылайша 2020 жылы жазасын бас бостандығын шектеуге ауыстырды.

Алайда араға бір жыл үш ай салып оны қайтадан түрмеге қамады.

Ол қазір баласымен бірге Алматы облысы Жауғашты ауылындағы ЛА-155/4 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатыр.

"Оның бәрі осы колонияның сот алқасының қателігі. Себебі олар дәл уақытында марқұмның туыстарына менің сотқа өткізгенім туралы ешқандай ескерту жібермеген. Бір жыл үш айдан кейін қайтадан келіп отырмын. Бір жыл болған кезде бүкіл сайт "Толыбаева бостандыққа шықты, бір жыл болды" деп жаза бастады. Оған дейін ешкім ештеңе жазған жоқ болатын", - деді Толыбаева.

Сотталушы соған байланысты Қазақстанда заң бәріне бірдей қолданылмайтынына наразы.

Жанар Толыбаеваның сұхбатының толық нұсқасы сағат 12.00-деSputnik Қазақстан сайтында жарияланады.

Денис Теннің қазасы

Айта кетейік, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 2018 жылдың 19 шілдесінде ұрылар қолынан қаза тапты. Сот 2019 жылдың басында Денис Теннің өліміне қатысты сотталғандарға үкім шығарды.

Арман Құдайбергенов Қылмыстық кодекстің 188-бабы "Ұрлық", 192-бабы "Қарақшылық" және 99-бабы "Адам өлтіру" бойынша айыпты деп танылып, 18 жылға сотталды. Ал Нұралы Қиясовқа "Адам өлтіру" және "Қарақшылық" баптары бойынша 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Жанар Толыбаева 434-бап "Қылмыс туралы хабарламау" бойынша кінәлі деп танылды. Ол 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Іс барысында оның жүкті екені белгілі болды.