Қоғам

Қазақстандықтар ауыл шаруашылығы жерлерін 49 жылға дейін жалға ала алады

2016 жылы енгізілген мораторийдің мерзімі биыл 31 желтоқсанда аяқталады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 2 маусым – Sputnik. Парламент мәжілісі жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Айдарбек Сапаров 2016 жылы президенттің жарлығымен Жер кодексінің жекелеген баптарына мораторий енгізілгенін еске салды. Оның мерзімі биыл 31 желтоқсанда аяқталады.

"Заң жобасының негізгі өзгерістеріне тоқталсам. Қазақстандықтарға және қазақстандық заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді 49 жылға дейін жалға беру ұсынылып отыр. Сонымен қатар жалға алу мерзімі аяқталған кезде оны жаңа мерзімге ұзарту құқығы беріледі", - деді ол мәжілістің жалпы отырысында.

Сонымен қатар заң жобасында мына нормалар көзделген:

  • мемлекеттен сатып алмай, жер пайдаланушылар арасында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге жалдау құқығын иеліктен шығару. Бұл ретте оларды пайдалану мерзімі – кемінде бес жыл, сондай-ақ жер қатынастары органдарын хабарлау міндетті шарт болып табылады.
  • жер ресурстарын басқару комитетінде жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау функцияларын әкімдіктерден қайтару;
  • жер үлестері есебінен құралған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін кепілге салу кезінде үлес иелерінің келісімі болғанда рұқсат беру;
  • ауыл шаруашылығы жерлерінің нысаналы мақсатын бағбандық және саяжай құрылысына өзгертуге тыйым салу;
  • жер беру комиссиясының хаттамалық шешіміне шағымдану мерзімін белгілеу бойынша нормаларды нақтылау;
  • халықтың мұқтажын қанағаттандыру мақсатында жергілікті жағдайларды ескере отырып, жайылымдарды басқару жөніндегі жоспарларда қажетті жайылым алқабының шекарасын айқындау;
  • берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері туралы мәліметтерді мемлекеттік жер кадастрының интернет ресурсында ашық түрде орналастыру.

Сапаров ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жекеменшікке беруге мораторий мерзімі 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылатынын мәлімдеді.

Айта кетсек, 13 мамырда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге сатуға тыйым салатын заңға қол қойды.

Енді ауыл шаруашылығы жерлері шетелдіктерге және шетелдік компанияларға, шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық қатысу үлесі бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға берілмейді.

Оқи отырыңыз: Тоқаев жерді шетелдіктерге сатуға тыйым салатын заңға қол қойды

Сонымен қатар мораторийге дейін ауыл шаруашылығы жерлерін жалға алған шетелдіктер және шетелдік үлесі бар қазақстандық компаниялар үшін жерді жалдау мерзімі ұзартылмайды. Заң күшіне енгеннен кейін жер шетелдіктерден қайтарып алынады.

Ал қандастарға жер учаскесі жеке қосалқы шаруашылық, бақ өсіру және саяжай құрылысы үшін беріледі. Олар ауыл шаруашылығы жерлерін Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін ғана жалға ала алады.