Өңірлер

Маңғыстау облысында жылқылар қырылып жатыр

Кәсіпкер жергілікті билікті жедел комиссия құрып, тығырықтан шығу жолдарын бірігіп ойластыруға шақырды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 2 маусым — Sputnik. Маңғыстау облысында жылқылар аштан қатып жатыр. Бұл туралы кәсіпкер Бердімұрат Төрекенов өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Жақында Ақшымыраудан 3-4 ағайынды жігіт жылқы малдарын қырға алып шықты. Үш-төрт күн жүріп, әрең жетті. Келгенше 3-4 ірі қарасы өлді. Ол шығынды өтеп жатқан және түсініп жатқан ешкім жоқ. Жүрмей қалған жылқыларын кезек-кезек тиеп, алдына әкеп тастайды да, су береді. Қайтып барғанша тағы төрт-бесеуі құлайды", - дейді Төрекенов.

Оның сөзіне қарағанда, биыл жаңбыр аз жауды. Жеп-шөп те азайды. Ал малды суару үшін 16 шақырым сордан өту керек. Одан су таситын көлік те өте алмайды. Сондықтан жолды салу қажет.

Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар ауыл шаруашылығы жерлерін 49 жылға дейін жалға ала алады

"Жағдайы бар кейбір жандар құдық қазып жатыр. Соларды қаржылай қолдау керек. Бірақ су шыға ма, шықпай ма, қаржысы желге ұша ма, ол жағы да белгісіз. Шаруа ұстау оңай шаруа емес. Малшының жанын мал баққан түсінеді, аурудың жаманын ауырған түсінеді деген ел шаруашылығы жем-шөптен қыстан зорға шыққанда жазда енді жайылым жоқ сусыз қырып алмайық" – деп жазды Төрекенов.

Кәсіпкер жергілікті билікті жедел комиссия құрып, тығырықтан шығу жолдарын бірігіп ойластыруға шақырды.