Қоғам

Депутат бас прокурордың назарын қазақстандық жұлдыздардың әрекетіне аударды

Мәжілісмен қазіргі таңда қаржы пирамидасын жарнамалағаны үшін тек әкімшілік жаза қаралғанын атап өтті. Сондықтан да олар жазаны қатаңдату керек деп санайды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 2 маусым – Sputnik. Мәжіліс депутаттары қаржы пирамидаларын жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Депутат Юрий Лидің ақпаратынша, 2020 жылдың наурызы мен 2021 жылдың сәуірі аралығында Қылмыстық кодекстің 217-бабы "қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және басқару" бойынша 287 заңбұзушылық тіркелген. Шығын 8,3 млрд теңгеге жуық қаржыны құрады.

БАҚ-та осы қылмыс түрімен байланысты жаңа жағдайлар үнемі жарияланады. Соңғы үш жылда ондаған мың адам сан соғып, миллиардтаған шығынға ұшырады. Таяуда ғана қоғамда резонанс тудырған "Мудараба Кэпитал" ЖШС, "Astex.kz" ЖШС, "ACD technology" ЖШС оқиғаларын еске алайық.

"Олар бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бәрінде де заңсыз бизнесті жарнамалауға вайнерлер, блогерлер, басқа да танымал адамдар тартылған. Қазір әртістер өздері де қаржы пирамидаларының құрбаны болғанын айтып ақталуда", – деді Ли бас прокурорға жолдаған депутаттық сауалында.

Айтуынша, қаржы сауаттылығының төмендігі және оңай жолмен ақша табуға құмарлық азаматтарды осындай авантюраларға итермелейді. Көбісі, тіпті осы үшін кредит те алады, кейін қарызын төлей алмай, банктер мен әкімдіктердің табалдырығын тоздырады.

Юрий Ли "егер қазақстандықтар жақсы көріп, сенетін танымал жұлдыздар жарнамаға қатыспаса, материалдық шығын мен заңсыз бизнеске тартылған адамдар саны әлдеқайда аз болар еді" деп санайды.

Мәжілісмен қазіргі таңда қаржы пирамидасын жарнамалағаны үшін тек әкімшілік жаза қаралғанын атап өтті. Депутаттар жазаны қатаңдату керек деп есептейді.

"Бас прокуратура базасында құқыққорғау органдары, сот және депутаттық корпус өкілдерінен жұмыс тобын құрып, сот-тергеу және әкімшілік-құқықтық практиканы жіті зерделеп, танымал адамдардың қаржы пирамидаларын жарнамалаудағы рөлін анықтап, олардың жарнамаға қатысуы мен қоғам үшін салдарының арасында байланыс бар-жоғын анықтау керек. Осыдан кейін тиісті заңдарға қаржы (инвестициялық) пирамидаларын жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу қажет деп санаймыз", – дейді Ли.

Оқи отырыңыз: "14 мың сал да, 114 мың ал": сарапшы жаңа қаржы пирамидасы туралы шындықты айтты

Бұдан бөлек, депутат "Мудараба Кэпитал", "Astex.kz", "ACD technology" қаржы пирамидаларын жарнамалауға қатысқан жұлдыздар әкімшілік жауапқа тартыла ма, жоқ па деп сұрады.