Әлем

Солтүстік теңіз жолы Суэцк арнасымен бәсекелесе ала ма

Ресейлік шенеунік Юрий Трутневтің айтуынша, Ресей СТЖ-ның қолайлы, қауіпсіз және қоршаған ортаға зиянды қалдықтардың шығуын төмендету үшін барлық жағдайды жасайды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 1 маусым – Sputnik. Ресей сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі, Арктикалық кеңестің лауазымды аға қызметкері Николай Корчунов РИА Новости порталына берген сұхбатында Солтүстік теңіз жолының (СТЖ) Суэцк арнасынан артықшылығы туралы айтып берді.

Дипломаттың айтуынша, осы жылдың наурызында Суэцк арнасында контейнер тасымалдаушы Ever Given кемесіне қатысты оқиға жаһандық көлік жолдарының баламасын дамытудың, жеткізу жолдарын әртараптандырудың маңызын көрсетіп, теңіз дәліздеріндегі кемшіліктердің бетін ашты.

"Солтүстік теңіз жолы Суэцк арнасы арқылы өтетін көлік бағдарынан 40 процент қысқа және оның бірқатар артықшылығы бар. Оның ұзындығының қысқа болуы уақытты ғана емес, жанармай шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Ал бұл қоршаған ортаға антропогендік жүктемені төмендетуге ықпал етеді", – дейді Корчунов.

Ол соңғы жылдары Ресей СТЖ арқылы тасымалданып жатқан жүк көлемінің артқаны және кеме қатынасының дамып келе жатқаны байқалатынын айтты. Бұл солтүстік территорияларға, сауда мен туризмге оң әсер етіп, Арктика халқының, оның ішінде байырғы тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыруға ықпал етеді

Бұған дейін Ресей Қиыр Шығыс пен Арктиканы дамыту жөніндегі министр Алексей Чекунков атап өткендей, Азиядағы ірі мемлекеттер Солтүстік теңіз жолын Суэцк арнасына балама ретінде қарастырып жатқанын айтты. Ал вице-министр Юрий Трутневтің пікірінше, Ресей СТЖ-ның қолайлы, қауіпсіз және қоршаған ортаға зиянды қалдықтардың шығуын төмендету үшін барлық жағдайды жасайтынын мәлімдеді.

Кар қақпасынан Провидения мүйісіне дейінгі Солтүстік теңіз жолының ұзындығы 5,6 мың километрді құрайды. Оған жапсарлас өзендегі кеме жолдарының ұзындығы – шамамен 37 мың километр.

Оқи отырыңыз: Антарктидада зерттеу жүргізген ғалымдар бүкіл өркениетке қауіп төнгенін мәлімдеді

Еске салсақ, ұзындығы 400 метр болатын Ever Given контейнер тасымалдаушы кеме биыл 23 наурызда Қытайдан Роттердамға бет алған кезде Суэцк арнасының 151-ші шақырымында қайраңға тіреліп, алты күн бойы арнадағы қозғалысты бұғаттап тастады.

Кеме 29 наурызда қайта орнынан қозғалды. Бұл операцияға 15-тен астам сүйреуші кеме қатысты. Осы оқиғаға байланысты кезекте тұрған 422 кеме 3 сәуірде ғана арнадан шыға алды.