Қоғам

"Мемлекетке қызметімді аяқтаймын": Ұлттық тестілеу орталығының басшысы жұмыстан кетті

Дидар Смағұлов мемлекеттік салада жеті жыл қызмет еткенін, енді басқа белестерді бағындыруға бел байлағанын айтты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 31 мамыр – Sputnik. Білім министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының басшысы Дидар Смағұлов жұмысын ауыстыратынын мәлімдеді.

"Мемлекетке қызметімді аяқтаймын! Достар, осымен ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығы директоры лауазымынан өз еркіммен кетемін! 7 жыл бойы мемлекеттік салада қалтқысыз қызмет еттім... енді басқа белестерді бағындырар уақыт келді!", - деп жазды ол әлеуметтік желіде.

Смағұлов білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке "түрлі сынға қарамай, осы жауапты лауазымға тағайындап, сенім білдіргені үшін" алғысын айтты.

"Иә, ҰБТ мен үшін аяқталған жоқ: осыдан кейінгі жұмысымды министрдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша штаттан тыс кеңесшісі ретінде жалғастыра бермекпін (қандай да бір ақысыз)", - деді ол.

Сонымен қатар Смағұлов енді әділ ҰБТ-мен айналысатынын жеткізді.

"Дидар ағай кетті, ҰБТ-да көшіруге болады" деп ойлайтындар опық жейді. Енді мен басқа нәрселерге алаңдамай, тек ҰБТ-ның әділдігімен айналысамын!", - деді экс-басшы.  

Сондай-ақ ол өзіне толық еркіндік қажет болғанын атап өтті.

Еске салсақ, Қазақстанда 6 мамыр мен 30 маусым аралығында Ұлттық бірыңғай тестілеу өтіп жатыр. Мектеп түлектері алғаш рет тесті электронды форматта тапсыруда. Биыл ҰБТ-ға 140 мыңға жуық бала қатысады.