НҰР-СҰЛТАН, 30 мамыр – Sputnik. Алматы қаласындағы гимназияның мұғалімі мен оқушысы Шарын шатқалында селден көз жұмды. Бұл туралы білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомство ақпаратынша, Алматыдағы №199 гимназияның 8 оқушысы шатқалға экскурсияға шыққан. Оларды 5 ата-ана мен 3 мұғалім ертіп жүрген.
"Қайғылы оқиға салдарынан бір оқушы мен бейіндік пән мұғалімі көз жұмды, тағы бір оқушыны іздеу жұмыстары жалғасып жатыр", - делінген хабарламада.
Министрлік қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтты және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі.
"Оқу жылы аяқталған кезде мұғалімдер мен ата-аналар өз сапарларын жоспарлап қойған болар. Осы ретте өздеріңізге және балаларыңызға сақ болуды сұраймыз. Мүмкіндігінше абай болып, балалармен демалуға не экскурсияға барғанда, су қоймаларына түспеген абзал. Сонымен бірге қауіпті аймақтарға жақындамай, әрдайым балаларыңыздың жанында болыңыз", - деп ескертті ведомство.
Шарындағы сел
29 мамыр күні Алматы облысында Шарын шатқалының төменгі бөлігінде сел жүрді.
ТЖ министрлігінің мәліметінше, балшық-сел тасқынына ауа райының күрт өзгеруі себеп болған. Кеше шамамен он бес минут бұршақ аралас өткінші нөсер жаңбыр жауған.
Желіде Шарын шатқалындағы селдің видеосы мен зардап шеккендердің суреті тарады.