Оқиға

"Адамдарды ағызып әкетті!": желіде Шарын шатқалындағы селдің видеосы тарады

Құтқарушылар Шарын шатқалында селден кейін із-түзсіз жоғалып кеткен адамды әлі іздестіріп жатыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 30 мамыр – Sputnik. Желіде Шарын шатқалындағы селдің видеосы жарияланды. Оны куәгерлер түсіріп алған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Сел жүргенде бір топ адам сол маңда болған.

"Өте қауіпті", "Адамдарды ағызып әкетті", деді кадр сыртындағы адамдар.

Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі Sputnik Қазақстанға жоғалған адамды іздеу жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді.

Шарын шатқалындағы сел

29 мамыр күні Алматы облысында Шарын шатқалының төменгі бөлігінде сел жүрді.

Салдарынан алты адам зардап шекті. Екі адам мерт болды, олардың біреуі кәмелетке толмаған бала. Тағы бір адам жоғалып кетті.

ТЖ министрлігінің мәліметінше, балшық-сел тасқынына ауа райының күрт өзгеруі себеп болған. Кеше шамамен он бес минут бұршақ аралас өткінші нөсер жаңбыр жауған.

Алматы облысы ТЖ департаментінде жедел штаб құрылды, психологиялық қолдау бойынша қауырт желі ұйымдастырылды: 8(7282)22-02-13, 22-02-18.