Дерекқор

"Байыған соң қызын бергісі келмей қалды": жазушы Ғабиден Мұстафин жайлы деректер

Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері Ғабиден Мұстафиннің өмірі мен шығармашылығы туралы Sputnik дерекқорынан оқыңыз
Sputnik

Қаламгер Ғабиден Мұстафин 1902 жылы 29 қарашада Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында туған. "Мен дүниеге келген кезде қазақ өлгенін, туғанын қағазға жазбайтын. Әке-шешемнің жыл қайырып айтуы бойынша 1902 жылы тусам керек", деген жазушы өзінің өмір белестері туралы айтқанында.

Жас кезінде ауылдағы молдалардан хат таныған, 1916 жылы Спасск зауытында табельщик болып істейтін Мауқымның Жүсібі дегеннен бір жыл орысша оқыды. Екінші жылы сол зауыттағы бес жылдық орыс-қазақ мектебінің төртінші бөліміне түскен. Алайда осы мектепті бітірген соң жазушының әрі қарай білім алуға мұршасы болмаған. Бұл сол заманда өмір сүрген балалардың бәріне дерлік ортақ жағдай.

Ғабиден Мұстафин өз өмірбаянында шығармашылық жолға қалай түскеніне қайран қалады. Себебі білімнен, оқу мен жазудан алшақ, алыс ауылда тұрып, төрт сыныпты бітірген баланың өмірде жазушылық жолды таңдауы кімді болса да таңқалдырады.

"Менің өскен ортам алпыс үй Елібай ертерек жерінен айырылып, қоныс ауып, кедей болды. Сол кедейдің бірі, түбі өзбек Сейіткемелдің Әубәкірі Пәтима деген тұңғыш қызын маған атастырыпты. Әубәкір 1910 жылдан бастап саудамен айналысып, байи бастайды. Жазы-қысы бір ауылда отырамыз. Байыған сайын бізді менсінбеуге айналды. Үш-төрт жылдың ішінде, әсіресе 1916 жылы Әубәкір бір дуан елге ықпалын жүргізді. Қызын бермеуге айналды" деген қаламгер өмірбаянында.

Дәл осы жағдай Ғабиден Мұстафиннің әлеуметтік қайшылықты жете тануына, сондай-ақ қоғамға қатысты ойына әсер еткен. 1916 жылы Әубәкір қызын айттырған жеріне беруге мәжбүр болады. Бірақ Әубәкір мен Ғабиден Мұстафин арасындағы таным алшақтығын мұндай туыстық жоя алмайды. Ұзатып алған Пәтима бір жылдан соң қайтыс болып, Ғабиден мен Әубәкірдің арасы да үзілген.

Оқи отырыңыз: Жазушы Ғабит Мүсірепов туралы қызықты деректер 

Араға бірнеше жыл салып, 1925 жылы Ғабиден Мұстафин Қазақстанның сол кездегі астанасы Қызылордаға оқу іздеп барады. Ол кезде Ғабиден 23 жаста, ал жары Зейнеп 16 жаста болған.

Қызылордаға келген соң оқуға іліге алмаған Ғабиден "Еңбекші қазақ" газетіне ұсақ хабарлар жаза бастаған.

Ғабиден Мұстафин бұл газетке хабарларды Сәкен Сейфуллин мен Сәбит Мұқановтың жол көрсетуі бойынша жазған.

Тырнақалды туынды

Ғабиден Мұстафиннің Қызылордадан шығатын "Еңбекші қазақ" газетінің бетінде тұңғыш рет жарық көрген еңбегі – "Таң келеді". Басты кейіпкері – шаруа.

1927-1928 жылдары "Жыл құсы" журналында Ғабең "Сәрсен мен Боқаш" деп аталатын алғашқы әңгімесін жариялады.

1929 жылы "Ер Шойын" әңгімелер жинағын баспадан шығарды. Содан кейін Сәкен Сейфуллиннен басқа әдебиетшілер Ғабиден Мұстафинге әдебиет майданында қағажу көрсете бастайды. Газет-журналдар Мұстафиннің еңбектерін жариялаудан бас тартқан. Қаламгер естеліктерінде "Жазғаным өтпей қойған соң 1930 жылы май айының ішінде Қарағандыға жұмысқа кеттім" деген.

Қарағандыда үш жыл жұмысшы болып істегеннен кейін 1933 жылдың басында жергілікті ұйымдар Ғабиден Мұстафинді "Қарағанды пролетариаты" газетіне жауапты хатшы етіп тағайындаған. Бірақ жазушы ол жерде көп жұмыс істемеді. Новосибирь қаласында "Қызыл ту" деген жаңа газет шығатын болып, сол жылдың мамырында өз қалауымен сол жаққа ауысады. 1938 жылдың аяғына дейін сол жерде жұмыс істеген.

Бір деректерде жазушының қайтадан шығармашылық іспен шұғылдануына Сәбит Мұқанов ықпал жасағаны айтылады. Мұқановтың ұсынысымен Алматыға шақырту алған. Алматыға келе сала 1938 жылы "Өмір мен өлім" деген атпен Қарағанды тақырыбында роман жазуға кірісті.

"Бұрын жаңа жаза бастағанда үлгіні тек Сәбит, Бейімбеттерден алсам, енді Толстой мен Гюгодан алуға тырыстым. Гюгоның оқиға, сюжет құруына, адамдарының ерлігіне, Толстойдың суреттеуіне қызықтым. Шама келгенше Гюгоға еліктеп бақтым" дейді жазушы романды жазу барысындағы ізденісі жайлы.

Шындықты бейнелеген төрт роман

"Менің ешбір шығармам әлдеқалай туған емес. Толғанудан, арманымнан туды" дейді қаламгер естелігінде. Қаламгер "Өмір мен өлімде" бұрынғы көшпелі елдің Қарағанды сияқты алып өндіріс орнын ашып, индустриялы елге айнала бастағанын мақтан етіп көрсеткісі келген. Тағы бір айтулы еңбегі - "Шығанақ" романы. Мұндай қаламгер көшпелі ауылдың отырықшы, колхозды ауылға айналғанын, еңбек адамының бақытын, жан байлығы мен тұрмысын көрсетпек болды.

Мұхтар Әуезов Мұстафин жайлы естілегінде "өзің таңдап алған материалды сүю ғана емес, барлық шетін, нәзік жайларына шейін түгелімен қиялдап та іштен кешіру шарт... тірлікке терең шомып, ой ұрығын терең көміп іздену қажет. Сонда ғана шығарма шынарын, еңбек еменін өсірсе болады" деген.

Мұстафиннің қаламынан туған "Өмір мен өлім" (1940 жыл), "Шығанақ" (1944 жыл),  "Миллионер" (1948 жыл), "Қарағанды" (1952 жыл) романдары жиырмасыншы ғасырдың аса елеулі шындығын бейнелейді. Автор "Шығанақты" басы-аяғы 4-5 ай ішінде жазса, "Миллионерге" үш-төрт ай, "Қарағандыны" жазуға жылға жуық уақыт жұмсаған. Ал "Дауылдан кейін" романына екі жыл уақыт бөлген. Бұл романы туралы қаламгер "Қапы кеткенім аз болар, жеріме жетіп тоқтаған сияқтымын" дейді.

Ғабиден Мұстафин 1946 жылы "Жасадым, жетілдім деуден аулақпын. Шаш ағарып, қол қалтырағанша жазармын, сонда да қоғам өмірін мүлтіксіз жаздым демеспін. Ол менің мешеулігім емес, қоғамның өзгешелігі, ұлылығы. Талай адамдар жазар, талай қаламдар тозар. Жазған сайын, тарих ілгері барған сайын өткен дәуір биіктей бермек, биіктей бермек... Сол биіктің шыңында тұрмасам да, бір бөктерінде көрінуге тырысып бағармын" деген.

Қаламгердің мінезі

"Әкем өте қарапайым адам болатын. Оның қарапайымдылығы көпшілікті таңғалдырды. Ол өзімен сөйлескісі келгендер үшін ашық болды, шопандармен, кенші, министр, академиктермен қызығушылықпен және тең дәрежеде сөйлесетін. Ол кездейсоқ жолыққан адамның өзін мың жылдан бері білетіндей сөйлесіп кететін. Бір грамм жасандылығы жоқ, сабырлы болатын. Ашықтық, адалдық және қарапайымдылық – оның мінезінің басты белгілері", - дейді қаламгердің қызы, белгілі офтальмолог, профессор Жанар Мұстафина.

Адалдық деген ұғымның ауқымы кең. Ғабиден Мұстафин достыққа адал болған жанның бірі.

Қос қаламгер Ғабиден Мұстафин мен Ғабит Мүсірепов жақын дос болған. Кездейсоқтық болуы да мүмкін, екеуі де бір жылы туып, бір жылы дүниеден өтті. Шығармашылық жолда да қатар жүрді.

Естеліктерге сүйенсек, 1985 жылы Ғабиден Мұстафиннің қазасы досы Ғабит Мүсіреповті есеңгіретіп тастаған. Ол да сол жылы дүниеден өтті.

Ғабиден Мұстафин 1985 жылы 20 қаңтарда 82 жасында Алматыда дүниеден өтті. 

Марапаттары

Ғабиден Мұстафин шығармашылықпен қатар қоғамдық-саяси өмірге белсене араласты. Қазақстан коммунистік партиясы Орталық комитетінің мүшесі, алтыншы сайланған КСРО Жоғары кеңесінің депутаты, 4-5, 8-10 Қазақ КСП Жоғары кеңесінің депутаты болды. Екі рет Ленин орденімен, ІІ дәрежелі Отан соғысы және Қызыл ту орденімен марапатталған.