НҰР-СҰЛТАН, 29 мамыр – Sputnik. Шарын шатқалында сел жүріп, салдарынан екі адам көз жұмды, тағы алтауы зардап шекті.
Төтенше жағдай туралы хабарлама құтқарушыларға бүгін сағат 13:35-те түсті. Алматы облысында Шарын шатқалының төменгі бөлігінде сел жүрген.
Салдарынан алты адам зардап шекті. Екі адам мерт болды, олардың біреуі кәмелетке толмаған бала. Тағы бір адам жоғалып кетті.
Зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетілді. Із-түзсіз кеткен адам іздестірілуде.
"Балшық-сел тасқынына ауа райының күрт өзгеруі себеп болды: шамамен он бес минут бұршақ аралас өткінші нөсер жауын жауған", - деп мәлімдеді ТЖ министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли.
Оқиға орнында облыстық төтенше жағдайлар департаметінің 31 қызметкері, жедел жәрдем мен әкімдік қызметкерлері, полицейлер жұмыс істеп жатыр.
Алматы облысы ТЖ департаментінде жедел штаб құрылды, психологиялық қолдау бойынша қауырт желі ұйымдастырылды: 8(7282)22-02-13, 22-02-18.