Қоғам

Шетелде тұратын қазақстандықтар eGov.kz арқылы жаңа қызметтерді пайдалана алады

Енді шетелде жүргендер некеге тұруға немесе оны бұзуға, тууды, қайтыс болуды тіркеуге және атын, тегін, әкесінің атын ауыстыруға құжаттар тапсыра алады
Sputnik

АЛМАТЫ, 28 мамыр – Sputnik. Қазақстаннан тыс жерде тұратын қазақстандықтар енді eGov.kz интернет-порталы арқылы 5 жаңа қызметті пайдалана алады, деп хабарлады елдің сыртқы істер министрлігі.

Енді шетелде жүргендер некеге тұруға немесе оны бұзуға, тууды, қайтыс болуды тіркеуге және атын, тегін, әкесінің атын ауыстыруға құжаттар тапсыра алады.

Құжат дайын болғаны туралы хабарлама келген соң куәлікті Қазақстанның шет елдердегі елшілігінен немесе консулдығынан алу қажет. Қазір бұл мүмкіндік әлемнің 20-дан астам жерінде бар.

Құжат қанша күнде дайын болады

Некені заңдастыру немесе оны бұзуды мемлекеттік тіркеу үшін eGov.kz. порталының "Отбасы" бөлімінде тиісті қызметті табу, қажетті жолдарды толтыру және консулдық алым төлемі туралы чекті жүктеу қажет. Содан кейін ЭЦҚ немесе SMS-пароль арқылы сұрау салуға қол қояды.

Күзде халық санағы басталады: қазақстандықтар нені білуі тиіс

Ерлі-зайыптының бірінің жеке кабинетіне хабарлама жіберіледі. Ол жерде өтініммен келісу қажет екені көрсетілген. Екінші тарап та қажетті ақпаратты толтырып, сұрауға қол қояды. Қызмет көрсету мерзімі – 1 ай.

Ал шетелде баланың тууын тіркеуге 3 жұмыс күні кетеді. Ал атын, тегін, әкесінің атын өзгерту 30 күнге созылады.

Қайтыс болуды тіркеу кезінде қайтыс болған адамның ЖСН-ін көрсету, қажет ақпаратты толтыру және сұрау салуға қол қою қажет. Қызмет 1 жұмыс күні ішінде көрсетіледі.

Айта кетейік, бұл қызметті "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ мен цифрлық даму, инновациялар, аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі сыртқы істер министрлігімен және әділет министрлігімен бірлесіп іске асырды.