Қоғам

ҰҚК аса қауіпті ұйымдасқан қылмыстық топты ұстады - видео

Ұйымдасқан қылмыстық топ адам ұрлау, бопсалау, қарақшылық шабуыл жасаумен айналысқан, барлығы он жеті қылмыстық іс қозғалды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 28 мамыр – Sputnik. Ұлттық қауіпсіздік комитеті өткен жылдың ең сәтті арнайы операцияларының бірі туралы айтты.

"Былтырғы жылдың ең сәтті операцияларының бірі деп Алматыда 28-29 қарашада жүргізілген "Айшуақ Жантүгел" ұйымдасқан қылмыстық тобының жеті мүшесінің ұсталуын айтуға болады", - деп мәлімдеді Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегілер.

"ҰҚК операцияны ІІМ-мен бірлесіп жүргізді. Ұйымдасқан қылмыстық топ  зұлымдығымен ерекшеленді. Тексеру барысында қылмыстық топтың ықпалы 2018 жылы Сорбұлақ көлінде заңсыз балық аулау кәсібі саласында арта түскені анықталды. Кейін ұсталғандар оңтүстік астанада көтерме-бөлшек сауда нарықтарын, "Сайран" автовокзалы мен басқа да нысандарды бақылауда ұстаған", - деді комитет.

Анықталған қылмыс эпизодтары бопсалау, қарақшылық, "Алатау", "Өжет", "Кенжехан" базарларының кәсіпкерлеріне "қамқорлық" көрсету, адам ұрлау және басқа да қылмыстармен байланысты.

Сондай-ақ топтың жекелеген мүшелерінің 2016 жылы қылмыс әлемінің беделді өкілі болған Нұрбековтің өліміне қатысы бары анықталды.

Топ мүшелерінің үйлерін тінту барысында төрт атыс қаруы мен оқ-дәрі тәркіленді.

Барлығы кісі өлтіру, қарақшылық шабуыл, бопсалау және озбырлық фактілері бойныша 17 қылмыстық іс қозғалды.

ҰКҚ мәліметінше, қазір ұйымдасқан қылмыстық топтың қалған мүшелерін анықтау бойынша жедел-іздестіру шаралары кешені жүргізіліп жатыр.