Өңірлер

Оқталмаған деп ойлаған: Петропавл тұрғыны тапаншамен алдымен досын, кейін өзін атып салды

Ер адам әзілдесемін деп досын тапаншамен атып тастады. Ол жанұшыра айқайлағанда, қалжыңдап жатыр деген райынан қайтпай, қаруды өзінің қолына кезейді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 28 мамыр – Sputnik. Петропавлда ер адам пневматикалық тапанша оқталмаған деп ойлап, өзін мен досын атып жіберді, деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

"Полицияға Петропавлдағы медициналық мекемелердің бірінен пневматикалық қарудан зардап шеккен екі қала тұрғыны түскені туралы хабар түскен. Оқ жарықшақтары денесінен алынған соң, олар үйіне жіберілген", – делінген хабарламада.

Облыстық орталықтың криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері осы фактіні жіті тексеруі нәтижесінде, қала тұрғындары Borner газ баллоны бар пневматикалық тапаншамен ұқыпсыз жұмыс жасауы салдарынан жарақат алғанын анықтады. Олар қаруды балық аулауға алып барған. Айтуларына қарағанда, өздері тапаншаның оқталмағанына сенімді болған.

"Ер адамның бірі тапанша оқталмаған деп ойлап, досына қарата оқ атқан. Ол жанұшыра айқайлағанда, қалжыңдап жатыр деген райынан қайтпай, қаруды қолына кезейді. Салдарынан өзі де жарақат алған", – дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметкері Динара Сағындықова.

Полицейлер ұңғысының қуаты 7,5 джоульден аспайтын және калибрі 4,5 миллиметрлік пневматикалық қару тіркеуге жатпайды деп түсіндірді.

"Алайда кез-келген қарумен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау қажет, ал бұл мысал мұның тағы бір дәлелі", – деді Солтүстік Қазақстан облыстық әкімшілік полиция басқармасының арнайы тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Құрман Мусин.

Оқи отырыңыз: Риддер қаласында қарияның гаражынан бірнеше қару-жарақ табылды