Қоғам

ДДСҰ басшысы қазақстандық вакцина туралы мәлімдеме жасады

ДДСҰ қазақстандық вакцинаны төтенше жағдай кезінде пайдалануға болатын дәрі-дәрмектердің тізіміне қосу мүмкіндігін қарастыруға дайын
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 28 мамыр – Sputnik. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус Қазақстандағы вакциналау қарқынына жоғары баға берді. Бұл туралы ол мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен видео конференция режимінде өткен кездесу барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Ақорда.

Тоқаев Гебрейесустің Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының ашылуында COVID-19 індетіне қарсы вакциналау жөніндегі жаһандық күш-жігерді күшейтуге шақырған сөзін қолдады.

ДДСҰ басшысының айтуынша, қыркүйекке қарай Жер шарындағы халықтың 10 пайызына екпе егіліп, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 30%-ке жетуі керек.

ДДСҰ басшысы қазақстандық вакцина туралы мәлімдеме жасады

Президент елімізге пандемия кезінде көрсеткен қолдауы үшін ризашылық білдіріп, Қазақстанда коронавируспен күресу үшін қабылданып жатқан шаралар жөнінде мәлімет берді.

Атап айтқанда, Тоқаев QazVac вакцинасының клиникалық сынақтарының алдын ала нәтижелері туралы айтты. Отандық вакцинаның тиімділік деңгейі 96 пайыз. Қазіргі уақытта салалық органдар отандық вакцинаға келісім алу үшін ДДСҰ-мен жұмыс жүргізіп жатыр.

Тедрос Адханом Гебрейесус Тоқаевтың пандемияға қарсы күрестегі еңбегіне жоғары баға берді.

"Бүгінге дейін 2 миллион адамға вакцина салынған екен. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Көптеген ел мұндай деңгейге жеткен жоқ. Халықтың 55 пайызына екпе саламыз деген мақсаттарыңыз қолдауға тұрарлық", – деді ДДСҰ басшысы.

Сонымен қатар ол QazVac екпесінің әзірлемесін қолдайтынын және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы төтенше жағдай кезінде пайдалануға болатын дәрі-дәрмектердің тізіміне қосу мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін айтты.

ДДСҰ басшысы қазақстандық вакцина туралы мәлімдеме жасады

Тараптар алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметінің даму перспективаларын, атап айтқанда, 2018 жылы қабылданған Астана декларациясын ілгерілету мәселесін қозғады. Осы орайда мемлекет басшысы Қазақстанның бастамасымен әзірленетін Алғашқы медициналық-санитарлық көмек туралы саяси резолюцияны қолдауға шақырды. Құжат 2022 жылы өтетін БҰҰ Бас ассамблеясының кезекті сессиясында қабылдануы мүмкін.

Бұған қоса, Тоқаев Гебрейесусқа "One Health" бағдарламасы аясында дайындалған Орталық Азияның әлеуетін арттыру жөніндегі Қазақстанның пилоттық жобасын ұсынды. Бұл жоба ауру мен биоқауіпсіздікті бақылаудың өңірлік орталығын құруды мақсат етеді.

Тараптар пандемияның сын-қатерлерін еңсеру мақсатында тығыз ынтымақтаса жұмыс істеуді жалғастыруға уағдаласты. Президент Қазақстан ДДСҰ құндылықтары мен мақсаттарын одан әрі ілгерілетуге әзір екенін нақтылады.