Әлем

АҚШ Ашық аспан шартына қайта оралмайды: Ресей ұстанымы қандай

19 мамырда Ресей мемлекеттік думасы құжаттың күшін жою бойынша жобаны қолдады. Ал 2 маусымда оны парламенттің жоғарғы палатасы қарайды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 28 мамыр – Sputnik. Ресейдің сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың Ашық аспан шартына қайта оралмау туралы шешімі Владимир Путин мен Джо Байденнің кездесуіне әсер етуі мүмкін деп санайды.

"Әрине, бұл қадам көшбасшылар кездесуі барысында қарулануды басқару мәселесіне қатысты талқылауларға оң ықпал етпейді. Алайда бұл кездесу кезінде қарулануды бақылаудан басқа да ауқымды мәселелер талқыланады деп ойлаймын", – деді ведомство басшысының орынбасары Сергей Рябков РИА Новости-ге берген сұхбатында.

Біраз бұрын Америка аталған шарттағы мүшеліктен расында да бас тартатынын мәлімдеді. Ал Ресей сыртқы істер министрлігі аталған құжаттың күшін жоғалтуы жақсылықтың нышаны емес екенін атап өтті.

"Бұл іске Вашингтон мен АҚШ одақтастары кінәлі. Себебі олар осы саладағы жағдайға немқұрайлы қарап отыр", – деді Рябков.

Ол Ресей Ашық аспан шарты болмаса да өз қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатынын атап өтті.

Айта кетейік, Путин мен Байден 16 маусымда Женевада кездесуі керек.

Ашық аспан туралы шарт

Ашық аспан туралы шарт (ААШ) 2002 жылдың 1 қаңтарында күшіне еніп, қырғи-қабақ соғыстан кейін Еуропадағы сенімді нығайту шараларының біріне айналды: ол құжат 34 қатысушы елге бір-бірінің әскери күштері мен іс-шаралары туралы ашық ақпарат жинауға мүмкіндік берді.

Өткен жылдың мамырында АҚШ шарттан шығу бойынша рәсімдерді бастап, ол 22 қарашада аяқталды.

2021 жылдың қаңтарында Мәскеу Ашық аспан туралы шарттан шығу бойынша ведомствоаралық рәсімдер басталғанын мәлімдеді. Вашингтонның әрекеттері басқа мемлекеттер мүдделерінің тепе-теңдігін айтарлықтай бұзғанын атап өтті.

Оқи отырыңыз: "Тым болмағанда тырысып көру қажет": СНВ-3-ті ұзарту туралы сарапшы пікір білдірді

19 мамырда мемлекеттік дума құжаттың күшін жою бойынша жобаны қолдады. 2 маусымда оны парламенттің жоғарғы палатасы қарайды.