Экономика

"Бәйтерек" холдингінің құрылымы оңтайландырылады

Үкімет басшысының шешімімен холдинг ірі, шағын және орта бизнесті қаржылық қолдау құралдарын кеңейтеді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 27 мамыр – Sputnik. "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамы оңтайландырылады. Мұндай шешім премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен холдингтің директорлар кеңесінің отырысында қабылданды.

Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлағандай, отырыста ұйымның даму стратегиясы мәселелері де қаралды.

"Холдингтің 2024 жылға дейінгі түзетілген даму стратегиясының жобасы бекітілді, оған қызметтің жаңа бағыты – агроөнеркәсіптік кешенді дамыту енгізілді" – деп хабарлады Қазақстан Республикасы премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсы.

Стратегияда бірыңғай тұрғын үй құрылысы операторын құру және Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкін "Отбасы банк" АҚ етіп қайта құру бөлігінде ұйымның тұрғын үй блогы қайта қаралды.

Сондай-ақ ірі, шағын және орта бизнесті қаржылық қолдау және экспорттық әлеуетін дамыту құралдары кеңейтілді, холдингтің проактивті рөлі мен клиентке бағдарлануы күшейтілді.

Оқи отырыңыз: Аграрлық несие корпорациясының басқарма төрағасы ауысты

Отырыста сондай-ақ 2020 жылғы жылдық қаржылық есептілік, корпоративтік басқаруды жетілдіру жөніндегі іс-шаралар жоспары, тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау мәселелері қаралды.

Бәйтерек холдингі туралы

"Бәйтерек" ҰБХ" АҚ даму институттарын, қаржы ұйымдарын басқару жүйесін оңтайландыру және ұлттық экономиканы дамыту мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылдың 22 мамырдағы №571 жарлығыға сәйкес құрылды.

Холдингтің негізгі міндеті – ұлттық даму институттарының, ұлттық компаниялардың және басқа да заңды тұлғалардың өзіне меншік құқығымен тиесілі және сенімгерлік басқаруға берілген акциялар пакеттерін басқару.

Стратегиялық қызмет бағыттары:

  • ірі бизнес сегментіндегі кәсіпкерлікті қолдау;
  • шағын және орта бизнес сегментінде кәсіпкерлікті қолдау;
  • тұрғын үйдің қаржылық қолжетімділігін қамтамасыз ету;
  • экспорттық әлеуетті ұлғайту;
  • трансферт және инновацияларды енгізу.