Экономика

Тоқаев атом станциясын салуға қатысты үрейге бой алдырмауға шақырды

Мемлекет басшысы атом энергетикасынан алдын ала бас тарту қате деген мамандар пікірімен келісетінін жеткізді
Sputnik

АЛМАТЫ, 26 мамыр – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев электр энергетикасы саласын дамыту жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлады Ақорда.

Жиын кезінде президент Қазақстанның атом станцияларын салуға асықпайтынын, алайда бұл істі кейінге ысыруға болмайтынын айтты.

"Бүкіл дамыған әлем атом энергиясына иек артады. Бұл ретте үрейге бой алдыру орынсыз. Дегенмен, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын табанды түрде жүргізу қажет. Атом станцияларының құрылысын бастауға асықпаймыз, алайда бұл істі кейінге ысыруға да болмайды", – деді Тоқаев.

Сондай-ақ мемлекет басшысы атом энергетикасынан алдын ала бас тарту қате деген мамандар пікірімен келісетінін жеткізді.

Электр желісі жұмысын реттеуді тапсырды

Сонымен қатар электр желілері компанияларының жұмысын реттеу қажет екенін атап өтті. Үкімет пен облыс әкімдіктеріне электр желілерін кезең-кезеңімен жаңарту үшін кешенді шаралар қабылдау тапсырылды.

Өз сөзінде мемлекет басшысы осы салада жұмысшы мамандардың аз екеніне назар аударды.

"Қазақстанда энергетика саласы бойынша маман даярлайтын 24 жоғары оқу орны болғанына қарамастан, электр монтерлері, жоғары вольтті желілерді жөндеушілер мен басқа да жұмысшы мамандар тапшы. Инженерлік-техникалық қызметкерлердің орташа жасы – шамамен 50 жаста. Оның үстіне бұл саладағы қызметкерлердің еңбекақысы да төмен. Соның салдарынан 2015-2020 жылдар аралығында кадрлардың тұрақтамауы 4 пайыздан 15%-ке дейін жетті. Бұл мәселені жедел түрде шешу керек", – деді президент.

Соның салдарынан бірнеше жылдан кейін кадр тапшылығы мәселесі ушығуы мүмкін екенін ескертті. Осы мәселенің алдын алу үшін үкіметке шара қабылдауды тапсырды.

Оқи отырыңыз: Жаңа министр Қазақстанда атом электр станциясын салуға қатысты пікір білдірді

Айта кетейік, видеоконференция режимінде өткен жиын барысында энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, Қазақстандық Күн энергиясы ассоциациясы директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Қапенов, "Total Energies Kazakhstan" компаниясының бас директоры Алем Фрига-Ной баяндама жасады.