Қоғам

"Қалаулым" мен "QosLike" қашан жабылады – министр жауап берді

Балаева "Астарлы ақиқат" пен "Қалаулым" сияқты бағдарламалар рейтингте көш бастап тұрғанын атап өтті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 26 мамыр – Sputnik. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева "Қалаулым" мен "QosLike" бағдарламасын жабуға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгін онлайн форматта өткен халыққа есеп беру кездесуінде осы мәселеге қатысты сұрақ қойылды. "Қалаулым" мен "QosLike" сияқты бағдарламаларға қатысты министрліктің ұстанымы қандай? Неліктен бұл бағдарламалар жабылмайды? Оған қоса, бұл мәселе бойынша президенттің өзі пікір білдірген жоқ па?", – деді астаналық Сейітжаппар Әділет.

"Енді, бұл айта-айта жауыр болған мәселе ғой. Десе де, ақпарат министрлігінің кез келген бағдарламаны ұнамаса, жауып тастауға құзіреті жоқ. Заң бар. Ал сіз айтып отырған бағдарламалардың барлығы жекеменшік бұқаралық ақпарат құралдарында көрсетіледі. Бірақ қоғамнан наразылық болғаннан кейін біз олармен сөйлесіп, нақты өз ұсыныстарымызды бердік. Жалпы, мұндай бағдарламалар рейтингке байланысты шығады. Енді, қоғамның бір бөлігі наразылық білдірсе, екінші бөлігі соны өліп-тіріліп қарайды", – деді Балаева.

Осы орайда министр "Астарлы ақиқат" пен "Қалаулым" сияқты бағдарламалардың рейтингте көш бастап тұрғанын да жеткізді.

"Бұл дегеніміз, сұраныс бар. Халық көргеннен кейін БАҚ-тың иесі ол бағдарламаны ешқашан жаппайды. Сондықтан бәріміз жұмылып, халықтың мәдениетін, талғамын көтеруіміз керек. Егер осы мәселелер дұрыс жолға қойылса, халық ақ пен қараны ажырата білсе, сонда ғана ондай бағдарламалардың рейтингі төмендейді. Одан кейін жабылады", – деп атап көрсетті Балаева.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда көпбалалы отбасылардың баспанасын тегін жөндейтін телебағдарлама түсіріледі

Айта кетейік, өткен жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қалаулым", "Қалауым сен" атты бағдарламаларды республикалық арналардан алып тастауға тапсырма берген болатын. Сол кезде адамдар әлеуметтік желіде қол жинап, бағдарламалардың жабылуын талап еткен. БАҚ беттерінде түрлі сыни мақалалар да жарияланды.