Өңірлер

Павлодарда депутат қамауға алынды

Сот ер адамды 15 тәулікке қамауға алып, сегіз жылға көлік жүргізу құқығынан айырды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 26 мамыр — Sputnik. Павлодар облыстық мәслихатының депутаты, Nur Otan партиясының мүшесі Қайрат Әбішев медициналық тексеруден бас тартқаны үшін 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, сегіз жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Павлодар қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысына сәйкес, Қайрат Әбішев 25 мамыр күні таңғы сағат 5-те ұсталды. Ол техникалық тексеруден өтпеген Toyota Camry көлігімен жүрген. Оның үстіне ер адам өзін полицияға басқа есіммен таныстырды. Жүргізушіден алкогольдің иісі шыққан.

Ұсталған адам наркологиялық диспансерге медициналық тексеруге жіберілді. Алайда ол тексеруден өтуге үзілді-кесілді бас тартқан.

Полиция құқық бұзушыға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 613-бабының 4-бөлігі (Ішкі істер органдары қызметкерінің белгіленген тәртіпке сәйкес алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйін куәландырудан өту туралы заңды талабын орындамау) бойынша әкімшілік хаттама жасап, материалдарды сотқа жолдады.

Сот отырысында Әбішев өзінің кінәсін мойындамады. Алкоголь иісін емдеу үшін құрамында спирті бар тұнбаны қолданумен түсіндірді. Сондай-ақ ол денсаулығының нашарлауы мен диареяға байланысты тексеруден бас тартқанын айтады.

Оқи отырыңыз: Қырғызстанда зауытты тартып алмақ болған депутат ұсталды – видео

Алайда оның айғақтары сотта расталмады. Сот қаулысына сәйкес Қайрат Әбішев әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 613-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Ол он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, сегіз жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.

Павлодар облыстық мәслихатының сайтында шаруа қожалығының 42 жастағы директоры Әбішев VII шақырылымның депутаты ретінде көрсетілген. Облыстық мәслихаттың хатшысы Ернұр Айткенов Sputnik тілшісіне осы уақытқа дейін депутатқа қатысты шаралар туралы ресми хабарлама түспегенін, сондықтан бұл факт бойынша түсініктеме бере алмайтынын айтты.