Саясат

Тоқаев сайлау туралы заңға түзетулер енгізді

Заңға сәйкес, аудандық маңызы бар қалалардың, ауыл және ауылдық округтердің әкімдері тікелей сайланады
Sputnik

АЛМАТЫ, 25 мамыр – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау заңнамасына өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойды. Заң саяси партиялардың мәжіліске өту шегін 7%-тен 5%-ке дейін төмендетуді көздейді.

Заңға қол қойылғаннан кейін барлық сайлау кезінде бюллетеньдерде "барлығына қарсы" деген баған пайда болады. Бұған дейін қазақстандықтарда мұндай құқық болмады, сондықтан сайлаушылар ұсынылған кандидаттардың біріне міндетті түрде дауыс беруі керек еді.

Сонымен қатар заңға сәйкес, аудандық маңызы бар қалалардың, ауыл және ауылдық округтердің әкімдері тікелей сайланады.

Қазір елімізде 2 345 әкімшілік-аумақтық бірлік бар. Оның ішінде биыл 836 әкім тікелей дауыс беру арқылы сайланады. Мемлекеттік қызмет туралы заңға сәйкес, Қазақстанның 25 жасқа толған кез келген азаматы сайлана алады.

Заңнамалық түзетулер партиялардың рөлі мен бәсекелестігін арттыруға мүмкіндік береді, азаматтардың сайлау құқығын пайдалануға ұмтылуына себепкер болады. Сондай-ақ, ауыл әкімдерін халықтың мәселесіне ден қоюына әсер етеді деп жоспарланған.

Тоқаевтың тапсырмасы

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың қаңтарында парламент сайлауынан кейін партиялардың парламентке өту шегін 7%-тен 5%-ке дейін төмендетуді ұсынды.

Сол кезде мемлекет басшысы жеті процент дауыс жинай алмаған партия өкілдері парламентте пікірталас тудыра алуы мүмкін екенін айтты. Ол сондай-ақ мұндай бастама тіркелген партияларды келесі сайлауға қатысуға ынталандыратынын атап өтті.

Айта кетейік, 2021 жылдың 10 қаңтарында өткен парламент сайлауында үш партия ғана 7%-тен артық дауыс жинады. Олар: Nur Otan, "Ақ жол" және Қазақстанның Халық партиясы.

Оқи отырыңыз: Пандемия кезіндегі сайлау қалай өтті – фото

Сайлау қорытындысы бойынша мәжіліске "Ауыл" (5,29%) және Adal (3,57%) партиялары өте алмады.

Мәжіліс пен мәслихат мүшелері бес жылға сайланады.