НҰР-СҰЛТАН, 25 мамыр — Sputnik. Түркістан облысының әкімдігі Қазақстанға қосылған Бағыс ауылын абаттандыру жоспарын жариялады.
Еске сала кетейік, Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында орналасқан Бағыс және Хиебон ауылдары үкімет қаулысымен Түркістан облысының аумағына қосылған болатын. Ресми мәртебе беріліп, жылжымайтын мүлікке түгендеу жұмыстары аяқталды. Азаматтар жер учаскелерін рәсімдеу жұмыстарына кірісті. Бағыс ауылы тұрғындарына қолайлы болу үшін мобильді ХҚКО ұйымдастырылды.
Шілде айына дейін Бағыс елді мекені табиғи газбен толық қамтамасыз етілмек. Газ құбырларын тарту жұмыстары осыдан 2 жыл бұрын басталған. Келесі жылы Бағыс ауылында 300 орындық жаңа мектеп салынады.
Шекара маңындағы Бағыс ауылы Сарыағаш ауданынан 40 шақырым жерде орналасқан. 2009 жылғы санақ бойынша, ауылда 1143 адам тұрған.