Қоғам

"Мұндай мүмкіндікті жібере алмадым": Түркістан әкімі Илон Маскқа ұсыныс айтты

Әкім Tesla зауыты Түркістанда бой көтерсе, халықты жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп қана қоймай, зор мүмкіндіктерге жол ашады деп есептейді
Sputnik

АЛМАТЫ, 24 мамыр – Sputnik. Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов SpaceX және Tesla басшысы Илон Маскқа Tesla зауытын Түркістанда салуды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Бізде Менделеев кестесіндегі химиялық элементтің бәрі табылады. Түркістан арқылы бір кездері Ұлы Жібек жолы өткен. Қажетті инфрақұрылымның бәрі бар. Түркістан – Tesla зауытын салуға таптырмайтын жер", - деп жазды қала әкімі Twitter парақшасында.

Артынша қала әкімі бұл ұсынысын егжей-тегжей түсіндірді.

"Бірнеше күн бұрын Илон Маск Tesla электромобильдерін шығаратын зауыттың Ресей Федерациясында салынуы мүмкін екенін, бұған қоса Қазақстанды да осы тұрғыда қарастыруға болатынын айтқан еді. Әлем мойындаған, дүниежүзін қандай да жағынан жақсарта түсетін осындай жобаның біздің елімізде пайда болғаны керемет емес пе? Елімнің, жерімнің патриоты ретінде мұндай мүмкіндікті жібере алмадым", - деп жазды Аюпов.

Әкімнің сөзінше, егер Tesla зауыты Түркістанда бой көтерсе, ол жергілікті халыққа да пайдалы болады.

"Жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп қана қоймай, зор мүмкіндіктерге жол ашатынын елестетіп көріңіздерші. Нақты бұл салада біздің аларымыз көп. Жастардың үйренері, алар тәжірибесі теңдессіз болар еді", - деді қала әкімі.

Ол сондай-ақ "Неліктен зауытты Түркістанда салуды ұсынып отырсыз?" деп сұрағандарға да жауап берді.

"Қазақстанның қай өңірі де лайықты, қолайлы. Мен туған өлкем жайлы өз пікірімді, өз ұсынысымды білдірдім. Сіздерді де солай жасауға шақырамын. Шекараны жоқ етіп, шексіз мүмкіндік беріп отырған ғаламтордың күшін игі іс үшін неге пайдаланбасқа? Бәріміз бір болып, Қазақстанның өзге елдерден кем емес екенін, Tesla-дай жобаны қолға ала алатынын көрсетейік", - деп түйіндеді әкім.

Айта кетейік, бұған дейін Илон Маск Ресейдің үш күндік "жаңа білім" марафонына қатысты. Ол ТМД аумағында зауыт салу жоспары бар екенін мәлімдеді. Соның ішінде жаңа зауыттың Қазақстанда бой көтеруі мүмкін екенін жеткізді.