Өңірлер

Риддердегі алапат өрт: үкімет басшысы зардап шеккен тұрғындармен кездесті

Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары қолға алынған тұрғын үйлерді 15 тамызға дейін пайдалануға беру жоспарланған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 24 мамыр – Sputnik. Үкімет басшысы Асқар Мамин Риддер қаласының өрттен зардап шеккен тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Рrimeminister.kz сайты.

Риддердегі алапат өрт: үкімет басшысы зардап шеккен тұрғындармен кездесті

Асқар Мамин Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Риддер қаласына барды. Ол 10 мамырда өрт салдарынан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесу өткізіп, оларға арналған тұрғын үй құрылысы жұмыстарының барысын тексерді.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Риддер қаласында болған өрттен зардап шеккен барлық отбасылар жақын арада жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдады", – деді Мамин.

Өрттен зардап шеккен отбасыларға арналған 30 жаңа тұрғын үйдің құрылысы төтенше жағдайлар салдарын жою үшін қарастырылған үкімет резервінің қаражаты есебінен жаңа "Ботаника үшінші тұрғын үй ауданында" жүргізілуде. Әр үйдің ауданы – 80 шаршы метр, ал үй маңындағы жеке учаске көлемі – 10 соттық.

Айта кетейік, Риддер қаласында болған өрт салдарын жою үшін 557,5 млн теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстарын "ОблШығысЖол", "VK Invest Company", "QK Sunqar", "Востоквзрывпром", "Kazprofstroy Holding" компаниялары жүргізуде. Үйлердің құрылысын биылғы 15 тамызға қарай аяқтау жоспарланған. Жаңа шағын ауданда барлық қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салынады.

Оқи отырыңыз: Риддерде сілесі қатқан өрт сөндірушілер далада ұйықтап жатыр – видео

Жұмыс сапарына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов пен қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев және төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин қатысты.

Еске салсақ, 10 мамырда Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының әкімшілік аумағындағы Лесхоз кентінде өрт шығып, артынша орманға жайылды. Өртті дер кезінде сөндіруге қатты жел кедергі келтірді: екпіні 20 м/с дейін жеткен болатын. 

Салдарынан бес көшеде 31 үй, 5 жеңіл автокөлік және жеті учаскеде шаруашылық құрылыстары, сондай-ақ ТҚС үй-жайы өртеніп кетті.