Қоғам

Нұр-Сұлтанда ер адам көрші баланы белбеумен сабап тастады – видео

Аулада ойнап жүрген балалар ер адам тұратын пәтердің домофонын бірнеше рет басып, мазасын алған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 24 мамыр – Sputnik. Нұр-Сұлтан тұрғыны домофонды басып, мазасын алған баланы белбеумен ұрып-соқты, деп хабарлайды елорда полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Оқиға 20 мамыр Әуезов көшесіндегі үйдің ауласында болған. Полицияға қоңырау шалған әйел кәмелетке толмаған ұлын ер адам соққыға жықты деп шағымданды.

Бұл факті бойынша 33 жастағы тұрғын анықталды.

Тағы оқыңыз: Алматы облысында жасөспірімді соққыға жыққан екі әйел іздестірілуде

"Аулада ойнап жүрген балалар үйінің домофонын бірнеше рет басып, мазасын алған. Ер адам ашуға ерік бергенін айтты. Барлық қатысушымен профилактикалық әңгіме жүргізілді", -деді полиция департаментіндегілер.

Кәмелетке толмаған балаға қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалды. Соның қорытындысы бойынша кінәлі адамды жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылданады.