НҰР-СҰЛТАН, 24 мамыр — Sputnik. Ерте ме, кеш пе адамзат жаңа пандемиямен бетпе-бет келеді, ол қазіргіден қауіптірек болады, деп мәлімдеді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус.
"Бұл вирусқа қарағанда едәуір жұқпалы және өлім-жітімді көбейтетін тағы бір вирус пайда болады", - деді ол ДДСҰ-ның 74-сессиясының ашылуында.
Ұйым басшысының пікірінше, вирустармен күрес мемлекеттердің бәсекеге түспей, керісінше бір-бірімен ынтымақтастықта болуы керектігін көрсетіп отыр.
"Шындығында, біздің алдымызда таңдау тұр: бірлесіп әрекет етеміз немесе қорғансыз болып қаламыз", - деп аяқтады Гебрейесус.
Оқи отырыңыз: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың ең қауіпті штаммын атады
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясы 24 мамырдан 1 маусымға дейін виртуалды форматта өтеді. Оның басты тақырыбы – COVID-19 пандемиясына қарсы күрес және денсаулық сақтау саласындағы жаңа жаһандық төтенше жағдайлардың алдын алу. Ассамблея жұмысына бүкіл әлемнен делегациялар қатысып жатыр.