Әлем

Коронавирус Уханьдағы зертханадан тараған ба – жаңа мәлімет шықты

Уханьдағы вирусология институтының үш ғалымы 2019 жылдың қараша айында қатты ауырып шыққан
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 24 мамыр – Sputnik. Уханьдағы вирусология институтының үш ғалымы пандемияға дейін дәрігерлердің көмегіне жүгінді. Бұл туралы АҚШ-барлау қызметінің есебінде айтылған, деп хабарлайды РИА Новости.

АҚШ-тың The Wall Street Journal газеті барлау қызметінің есебінде көрсетілген кейбір мәліметті жариялады. Оған сәйкес, коронавирус пандемиясына дейін Уханьдағы вирусология институтының үш ғалымы қатты ауырып, ауруханада емделуге мәжбүр болған. Ал аурудың кейбір белгілері жыл сайынғы тұмауға ұқсады. Мақала авторларының айтуынша, осы мәлімет коронавирустың қытайлық зертханадан шыққанына жанама дәлел бола алады.

Үш ғалым да Уханьдағы вирусология институтының зертханасында жұмыс істеген. Олар короновирустарды және тағы басқа жұқпалы инфекцияларды зерттеумен айналысқан.

"Дәл осы мәлімет жаңа вирустың шығу теориясын зерттеу кезінде керек болып қалуы мүмкін", - дейді мақала авторлары.

Айта кеткен жөн, The Wall Street Journal-дағы мақала Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ассамблеясының 74-сессиясы қарсаңында жарияланып отыр. Сессия отырысы бүгін өтеді. Сол жерде пандемиямен күрес шаралары талқыланады.

Америка билігі пандемия басталғалы бері коронавирустың Уханьдағы зертханадан шығуы мүмкін деген болжамды айтып келеді. Алайда барлау қызметі нақты дәлелдің жоқ екенін мәлімдеген.

Оқи отырыңыз: Коронавирус қайдан шықты – ДДҰ тексерістің есебін жариялады

Қытайдың сырты істер министірлігі The Wall Street Journal газетіне шыққан мақалаға қатысты пікір білдірді. Дипломаттардың айтуынша, АҚШ дәлелденбеген теорияны тарқата беруді қоймайды. Осылайша, әлем назарын басқа мәселеге аударғысы келетін сияқты.