Қоғам

Білім министрлігі түлектер кешін өткізуге қатысты өз ұстанымын жариялады

Қазақстанда аттестат тапсыру салтанаты мектептерде өтеді. Алайда түлектер кешін өткізуге рұқсат жоқ
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 24 мамыр — Sputnik. Білім және ғылым министрлігі мектепті бітіруге арналған түлектер кешін өткізуге қатысты ресми ұстанымын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Майра Мелдебекованың айтуынша, аттестат тапсыру салтанаты мектептерде өтеді. Алайда түлектер кешін өткізуге рұқсат жоқ.

"Мектептің ауласында салтанатты шара ұйымдастырылады. Сол жерде түлектерге аттестат табысталады. Оны да кесте бойынша өткізеді. Ал ары қарай кеш өткізуге тыйым салынған", - деді Мелдебекова арнайы брифингте.

Оның айтуынша, әрбір мұғалім мен оқушы қазіргі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды және коронавирустың қаупін түсінуі керек.

Оқи отырыңыз: Министрлік мектептерде емтихан өткізбеуді сұраған депутатқа жауап берді 

"Бүгінде мектепте аттестат тапсырудың тәртібі бар. Барлық мектепке нұсқаулар жіберілді. Мұғалімдер де бәрін бақылайды. Ал мектептен кейін көпшілік шара ұйымдастырылса, жергілікті билік тиісті шара қолданады", - деп атап өтті Мелдебекова.