Денсаулық

Бауыр обыры туралы не білу керек

Бұл диагноз адам өмірін "дейін" мен "кейінге" бөледі. Науқас бар күш-жігерін өмірін сақтап қалуға жұмсайды. Заманауи медицина бұл дертпен күресуге көмектесе алады. Бауыр обырына кімдердің шалдығу қаупі жоғары, оның белгілері және емдеу әдістері туралы оқи отырыңыздар
Sputnik

Бауыр обыры деген не

Бауыр обыры немесе бауыр жасушалы обыр – бауырда орналасқан қатерлі ісік. Жаңа түзіліс бауыр жасушаларынан пайдала болады немесе басқа ісіктің қайталанған метастазы болады. Осы аурудан көз жұмып жатқандар саны жоғары болып тұр.

Бауыр обырының келесі түрлері бар:

гепатоцеллюлярлы карцинома - бауырдың ең көп таралған бастапқы қатерлі ісігі. Гепатоциттер малигнизациясының (қатерлі трансформация) салдары;

ангиопластикалық саркома (ангиосаркома) - ісік өте тез өсіп, көрші органдарға таралады. Саркомалардың ерекшелігі – ол көбіне жас азаматтар мен балаларда пайда болады;

гепатобалстома;

гемангиосаркома;

холангиокарционома – ісік қан ағынының кез келген бөлігінде түзілуі мүмкін.

Бауыр обырының себептері

Бауыр обырының нақты неден пайда болатыны әзірше жете анықталмаған. Ісіктің өсуіне климат та, тамақтану да, қандай да бір медициналық препараттар қабылдау да әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ обыр бауыр циррозы бар адамдарда жиі туындайды. Ал бауыр циррозы көбіне алкогольді ішімдікті шамадан тыс көп ішетін адамдарда болады. Бауыр обыры кез келген жастағы адамда анықталуы мүмкін. Көбіне бұл ауру 40 жастан асқаннан кейін анықталады.

Созылмалы түрде болған В және С гепатиттері осы аурудың туындауына алып келуі жиі кездеседі. Бауыр жасушаларында ұзақ уақыт бойы қабыну процесінің жүруі мутацияға, кейіннен жасушалардың обырлы сипатта қайта түзілуіне алып келеді. Сәйкесінше адам вирусты гепатитпен мейлінше ұзақ ауырса, бауыр обырына шалдығу қаупі де соғұрлым жоғары.

Бауыр обырының белгілері

Бауыр обырының бірінші сатыларында ол ешқандай симптомсыз жүруі ықтимал. Науқас бауыр обырына шалдыққанын диспансерлік тексеру кезінде білуі де жиі болады. Көп адамдар оң жақ тұстағы қабырға астындағы ауырсынуға, тәбеттің жоғалуы мен салмақтың төмендеуіне шағымданады. Адам терісінің кенеттен сарғаюы да осы ауруға тән болуы мүмкін.

Егер қарын тұсындағы ауырсыну өткір болса, онда бұл қарын аумағында көлемді жаңа түзіліс бар екенін білдіреді. Ол бауыр алдына қарай жылжыған болуы әбден мүмкін.

Себепсізден-себепсіз дене температурасының 37,5 градус Цельсийден жоғары болуына да дәл осы дерт себепші бола алады.

Көп адамдарда асцит туындауы мүмкін. Бұл құрсақ қуысында сұйықтықтың жиналып қалуы. Мұндай ауру бауыр циррозы бар науқастың негізгі ауруы асқынуын немесе бауыр обырына шалдыққанын білдіреді.

Бауыр обырының кезеңдері

Басқа да обыр түрі секілді бауыр обырының да даму сатысы бар:

Бірінші. Бұл кезеңде ісік көлемі 2 сантиметрден аспайды. Жаңа түзіліс бір учаске шегінде ғана орналасады және хирургиялық әдіспен алып тастауға жарамды.

Екінші. Бұл сатыда обыр органның бірнеше учаскесіне таралады, бірақ жақын орналасқан қан тамырлары мен лимфалық түйіндерге тарамаған.

Үшінші. Метастаздар жақын аумақтағы қан тамырларына және лимфалық түйіндерге жайыла бастаған.

Төртінші. Бұл жағдайда обыр дененің басқа да учаскелеріне таралады. Ісіктер кез келген көлемде бола алады және саны да түрлі болуы мүмкін. Обыр қан тамырларын да зақымдаған.

Диагностика

Ультрадыбысты зерттеу ісікті және кей жағдайда оның түрін анықтауға мүмкіндік береді.

Ісік биопсиясы – бұл бауыр ісігін анықтаудың ең сенімді әдісі. Осы әдіс кезінде дәрігер УДЗ аппараттың бақылауымен тері арқылы бауырдағы ісік аймағына жұқа инені енгізеді. Егер жаңа түзіліс орналасқан жерді микроскоппен қарау кезінде обыр жасушалары анықталса, бауыр обыры диагнозы расталған болып саналады.

Компьютерлік томография (КТ) – бұл бауыр ісіктерін диагностикалау кезінде тиімді және ультрадыбыстық зерттеу кезінде көрінбейтін кішкентай жаңа түзілістерді де анықтай алады.

Лапароскопиялық әдіс – ол нақты әрі дұрыс диагноз қоюға көмектеседі. Қысқа уақытқа әсер ететін наркоздан соң құрсақ қуысында аздаған тілік жасалады да, монитор арқылы ісікті қарайды және зертету жүргізу үшін оның бір бөлігі алынады.

Қан талдауы. Қан талдауы кезінде альфа-фетопротеин деңгейі (AFP) анықталады. Бұл әдіс бауыр ісіктерін диагностикалау кезеңінде де, терапияның тиімділігі мен аурудың ықтимал рецидивін бақылау үшін емдеуден кейін де жүргізіле береді.

Заманауи емдеу әдістері

Хирургиялық әдіс. Операция кезінде бауырдың оң немесе сол жақ бөлігін (гемигепатэктомия), сонымен қатар екі сегментін бірден алып тастауы мүмкін. Ота жасау туралы шешім дереу қабылданбайды – науқас кешенді тексеруден өтуі керек. Оның аясында бауырдың МСКТ- волюметриясы, ICG-тесті, ОФЭТ-CT және бауырдың динамикалық сцинтиграфиясы жасалады. Міндетті түрде анестезиологпен кеңесу керек.

Бауыр алмастыру (трансплантация). Бұл зақымдалған бауыр донорлық сау трансплантантпен алмастырылатын хирургиялық емдеу әдісі.

Химиотерапия - бұл ісік жасушаларына әсер ететін және олардың өсуін тежейтін дәрілерді қабылдауды қамтитын жүйелі емдеу әдісі;

Иммунотерапия - бұл ісік жасушаларына қарсы күрес жүргізуге қатысты ағзаның иммундық жүйесіне әсер ететін медициналық препараттар түрі.

Бауыр обырының алдын алу

  • В гепатитіне қарсы екпені уақытылы салдыру;
  • В және С гепатиттерін дер кезінде дұрыс емдеу;
  • алкогольдік тәуелділіктен арылу және алкогольді ішімдіктен түбегейлі бас тарту;
  • бауыр циррозы және созылмалы вирусты гепатитпен ауыратын науқастар гепатолог тексеруінен тұрақты өту керек (жылына кемінде 2-3 рет).