Қоғам

Басшыға 10 мың теңгенің сыйлығын бергендер жазаланды

Бас бухгалтер басшысына заңсыз материалдық сыйақы және жалпы құны 3 600 теңгенің кәмпиті мен шарабын бергені үшін 291,7 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттелді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 21 мамыр — Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мамандары бірқатар әкімшілік құқық бұзушылық бойынша хаттама рәсімдеуге кірісті. Соның ішінде мемлекеттік қызметкерлерге заңсыз сыйлық беру сияқты тәртіп бұзушылықтар да бар. Бір жарым айдың ішінде бірнеше адам жауапқа тартылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Агенттіктің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бекайдаровтың айтуынша, 5 сәуірден бері заңсыз материалдық сыйақы беру бойынша бірнеше адамның ісі сотта қаралды.

"Мәселен, Павлодар облысында тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды оңалту орталығының бас бухгалтері Абельдинова облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жоғары тұрған басшысы Алтыбаеваға 10 мың теңге көлемінде заңсыз материалдық сыйақы және жалпы құны 3 600 теңге болатын кәмпит қорабы мен шарап бөтелкесі түріндегі сыйлық бергені үшін 100 АЕК мөлшерінде (291,7 мың теңге) айыппұл төлеуге міндеттелді", - деді Бекайдаров бүгінгі онлайн брифингте.

Ал Атырау облысында ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті аумақтық инспекциясының басшысы Бисенғалиев комитет төрағасының міндетін атқарушы Нұртазинаға 10 мың теңгеге бағаланған балық өнімдерін сыйлыққа берген. Ол 100 айлық есептік көрсеткіш (291,7 мың теңге) көлемінде айыппұл төлейді.

"Осыған ұқсас фактілер Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Алматы, Жамбыл, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында бар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің әкімшілік материалдары бойынша салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 159,2 миллион теңгені құрады, 154,3 миллион теңге өндірілді", - деп атап өтті Бекайдаров.

Оқи отырыңыз: Пара бергендер төлейтін айыппұл мөлшері артты 

Айта кетейік, биыл 5 сәуірден бастап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістерге сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке 15 бап бойынша хаттама жасау арқылы әкімшілік істерді қозғау құқығы берілді. Соның ішінде 6-уы сыбайлас жемқорлық баптары (676-681-баптар), кәсіпкерлік қызмет саласындағы 2 құрам (154 пен 173-баптар) және мемлекеттік билік институттарына қол сұғатын және әкімшілік немесе қылмыстық процестерді жүргізу кезіндегі заң бұзушылықтарға байланысты 7 құқық бұзушылық (658-662, 665, 667-баптар) бар. Бір жарым айдың ішінде 42 әкімшілік хаттама жасалды. 34 хаттама - сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтар.