Өңірлер

Батыс Қазақстанда ауруханадан шыққан жігіт оғаш әрекет жасады

Жедел жәрдем жүргізушісі оны қуып жеткенімен, жас жігіт аяғының жарақатына қарамастан оқиға орнынан қашып кеткен
Sputnik

АЛМАТЫ, 21 мамыр – Sputnik. Батыс Қазақстан облысында ауыл тұрғыны ауруханадан үйіне жаяу қайтқысы келмей, жедел жәрдем көлігін айдап кеткен, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Бәйтерек ауданына қарасты ауылдың 30 жастағы тұрғыны аяғын жарақаттап, жедел жәрдем шақырған. Медицина қызметкерлері оны ауруханаға апарып, көмек көрсетіп, үйіне жіберген.

Медициналық мекемеден шыққан соң, кілті ішінде тұрған жедел жәрдем көлігін көрген. Ол үйіне жаяу қайтқысы келмей, дәрігерлердің көлігін айдап кеткен.

Алайда ол алысқа бармай-ақ, ауыл мектебінің қоршауына соғылды.

Оқи отырыңыз: Шығыс Қазақстанда аурухана қызметкерінің сұмдық қылмысы ашылды

Жедел жәрдем жүргізушісі оны осы сәтте қуып жеткенімен, жас жігіт аяғының жарақатына қарамастан қоршаудан секіріп, оқиға орнынан қашып кеткен.

Қазіргі кезде шығын көлемі анықталып жатыр. Соңғы ақпаратқа сәйкес, ер адам ұсталды.